Елордада өрттен мерт болған ағайынды бес қызға ескерткіш орнатылады
Елордада "времянка" өртеніп, ажал құшқан бір үйдің бес қызына ескерткіш орнату жоспарланып жатыр. Бұл туралы "Республика-Аймақ-Даму" қоғамдық қорының президенті Ғалым Байтук мәлім етті деп хабарлайды Zakon.kz.
"Астанада өрттен ажал құшқан бір үйдің бес қызына қатысты қайғылы оқиға әлі елдің есінен кете қоймаған болар... Жалпы, бұл трагедия қоғамда әлеуметтік реформалардың катализаторы, азаматтық белсенділіктің жаңа белесі болды. Көпбалалы аналар баспана мәселесін шешу үшін бірікті, қоғам белсенділері де әлеуметтік қолдауды өсіруді талап ете бастады, бастысы билік те өзгеріп сала берді", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша,
мемлекетте немесе адам санасындағы өзгеріске себеп болған мұндай қайғылы жайттар үшін әлемде ескерткіш орнатып, мемориал тұрғызады.
"Мұндай ескерткіштің мақсаты – "ел жадында ұстасын!" деген. Міне, көз жұмған қыздардың жайын да билік те, адамдар да есте сақтасын деп ескерткіш жасау идеясын менің досым Olzhas Muhamedi қолға алып жатыр.
Жоспар бойынша, ол қыздардың жылдығына орай, келесі жылы ақпан айында бой көтереді. Алдын ала жасалған жобаны бекіткен соң, бюджетін де есептейміз. Өйткені ақша жинау керек болады. Мүмкін осы желіде жабық топ ашатын шығармыз.
Оған ниет білдірген адамдардың бәрі ат салыса алады. Ал топ неге жабық дейсіздер ме? Себебі, өз тәжірибемнен білемін, мұндай кезде ешқандай көмегі де, пайдасы да жоқ, керісінше жел сөзді "айдайтын" біреулер қаптап кетеді", - деп жазады Ғалым Байтук.
Естеріңізге сала кетсек, 4 ақпанға қараған түні Көктал-1 жеке тұрғын-үйлер орналасқан мекенде алапат өрт болды. Төтенше оқиға салдарынан бір отбасының 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылдары туған бес баласы қаза тапты. Қыздардың өрт кезінде ата-анасы жұмыста болған.