Арыстан Нұр-Сұлтанға жеткізілген екі баланың жағдайы қандай
"Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен балаларды елордаға жеткізді. Екеуі де ем-дом алып жатыр, біреуінің жағдайы өте ауыр". Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық №2 балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмайылов мәлім етті деп хабарлайды Zakon.kz.
- 28 маусымда Санавиация ұшағымен бізге Шымкенттен екі бала жеткізілді. 2005 жылғы баланың жағдайы дұрысталған соң нейрохирургия бөліміне ауыстырдық. Ал 2011 жылғы - екінші баланың жағдайы әлі ауыр, ол әлі жан сақтау бөлімінде жатыр. Барлық ем-шараларды қолданып жатырмыз. Екеуі де ауыр жарақат алған, екеуінің де бас-сүйегіне жарақат келген, - дейді Досмайылов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта балалар толықтай ем алып жатыр. Барлық медициналық көмек жан-жақтан қарастырылуда, мәселен Республикалық нейрохирургия орталығының мамандары да балалардың еміне тартылған.
Ол балаларды Нұрсұлтанға жеткізу туралы шешімді дәрігерлер өзара ақылдасып, қабылдағанын да айтты.
27 маусымда Денсаулықсақтау министрі Елжан Біртанов Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен 409 адам медициналық көмекке жүгінгенін, оның 329-ына емханада ем-дом жасалып, үйге босатылғанын мәлімдеген.
80 науқас ауруханаға жатқызылған (оның 13-і – балалар). Бүгінгі таңда ауруханадан 15 адам емделіп, босап шыққан, оның біреуі - бала. Қорыта айтқанда, бүгіндері ауруханада әлі 64 арыстық ем алуда, оның 9-ы жан сақтау бөлімінде, оның төртеуі бала.
Сондай-ақ министр алдында жан сақтау бөлімінде жатқан екі баланы Нұр-Сұлтан қаласына жеткізу туралы шешім қабылданғанын да мәлімдеген.