Арнайы ХҚО-ларда халық неге иін тіресіп тұр?
1 шілдеде таңертең арнайы ХҚО-ға бас сұққан адамдар иін тірескен кезекке тап болған. "Азаматтарға арналған үкіметтің" Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Мұрат Жұманбай мұның себебін түсіндіріп берді деп хабарлайды Zakon.kz.
"Өздеріңізге мәлім болғандай, бүгіннен бастап ІІМ жүзеге асырып жатқан реформаға сәйкес, еліміздегі тіркеуші-емтихан қабылдаушы бөлімдер жабылады.
Соған байланысты арнайы ХҚО-лар жанындағы да тіркеуші-емтихан қабылдаушы бөлімдердің де көзі жойылады. Енді көлікті тіркеу құжаттары мен жүргізуші куәлігін беруді электронды өтініш бойынша мемлекеттік органдар жекелей айналысады.
Алайда осы өзгеріске байланысты таңертеңнен бастап ІІМ ақпараттық жүйесі жұмысында ақаулар орын алып, соның салдарынан арнайы ХҚО-ларда кезек көбейді. Дәл қазіргі уақытта жүйе мен қызметтің жұмысы белгілі бір деңгейде қалыпқа келтірілді", деп жазды Facebook-тегі парақшасында Мұрат Жұманбай.