Нұр-Сұлтанда халықаралық қаржыгерлер бас қосты
Елордада Astana Finance Days аясында өтіп жатқан конференцияда халықаралық белді қаржыгерлер "Бүкіләлемдік халықаралық қаржы орталығы алянсымен халықаралық қаржы орталықтарының 2025 жылға дейінгі келешегі" тақырыбын талқылады.
Сессия барысында АХҚО-ның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі, инвесторлар АҚХО-ны таңдаған сәтте қандай критерийлерге басымдылық берілетіндігі, инвесторлар үшін дәстүрлі алаңмен салыстырғанда халықаралық қаржы қорының атқаратын рөлі сынды өзекті мәселелер сөз етілді.
Отырыстың басты спикерлері — Джеймс Мартин, Александр Габуев, Лорд Фрэнсис Мод және Акаш Дил болды. Мамандар аталған сессияны ұйымдастырып отырған АХҚО-ны тәжірибемен, идеямен бөлісуге арналған ынтымақтастық алаңы деді.
"АХҚО бүгінгі таңда тұрақтылық пен ынтымақтастықты сақтай отырып, жаһандық экономикаға өзіндік үлесін қосуды бастап кетті. Біз өзіміздің инновация-технология саласындағы тәжірибемізді АХҚО-мен бөліссек дейміз. Қаржы саласында білім алғысы келетіндерге барынша қолжетімділік жасауды қамтамасыз етеміз. АХҚО Басқарушысы атап өткендей, өңірлік қаржылық хаб Еуразияның жаңа қаржы инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады",-деді АХҚО басқармасының орынбасары Джеймс Мартин.
Сессия барысында әлемнің түрлі елінен келген үздік қаржыгерлер өзара инфрақұрылымды қаржыландыру саласындағы жаңашылдықтарды айтып, АХҚО-мен болашақта бірлесе жұмыс атқаруға ниетте екендіктерін білдірді.
"Өңірлік қаржылық хабты алғаш ашқанда, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мақсаты қаржы орталығынан бөлек, басқа салалар бойынша үлкен хаб құру болатын. Бұл орталық өзгеше. Мұндай орталықты одан ары интеграциялау біздің басты жұмысымыз болып табылады. Біз түрлі жерде орналассақ та, желі арқылы байланысып, өзара жұмыс істейміз",-деді Лорд Фрэнсис Мод.