Орталық коммуникациялар қызметі Президенттің тікелей қарамағына өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 22 шілдесінде "ҚР Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесін құру және ҚР Президентінің кейбір жарлықтарына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол Нұр-Сұлтан қаласында құрамында 33 штаты бар ҚР Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесін құруды бұйырды.
Оның уәкілетті органы ҚР Президентінің әкімшілігі болып айқындалды.
Осыған байланысты ҚР Үкіметіне мынандай тапсырмалар берілді:
- ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің "Орталық коммуникациялар қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесін, оның мүлкін мекемеге бере отырып, тарату;
- бір ай мерзімде мекеменің жарғысын әзірлеп, белгіленген тәртіпте бекітуге енгізу;
- мекеменің мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз ету;
- осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдау.
ҚР Президентінің Іс басқармасы мен ҚР Қаржы министрлігіне осы мекемені қайда, қалай орналастыру керектігін бірігіп шешу тапсырылды.
Жарлық жарияланған күні өз күшіне енді.