Алматыда Жібек жолы базары сүрілмейтін болды
"Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айтуар Қошмамбетов "Жібек Жолы" базарын сүру туралы шешімнің күші жойылғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"2019 жылдың 24 шілдесінде Алматы қалалық соты Алматы қалалық мамандандырылған экономикалық соты шығарған үкімнің күшін жойып, өз шешімін жария етті. Сот Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жаңадан тұрғызылған нысанды қабылдаған комиссияның мемлекеттік актісін заңсыз деп тану туралы арыз-шағымын қанағаттандырудан бас тартты.
Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы сот процесіне басынан бастап қатысып, кәсіпкерлердің ұстанымын қолдауда белсенділік танытты.
Бір қызығы, бұл арада 2005 және 2014 жылдарғы, яғни 14 және 5 жылдан кейін нысанды қабылдау актілерінің заңдылығына күмән келтірілген. Бақылау органдары бұл заңсыздықты неге ұзақ уақыт бойына анықтамағаны да көп күдік туғызады. Оның үстіне істі қарау мерзімі де өтіп кеткен ғой.
Әріптестерімнің кәсіби біліктілігінің арқасында 5 мыңға жуық саудагер жалға алушы орындарын сақтап қалды. Әрі, бастысы, базар сүрілмейтін болды", деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.