"ИИДМБ" жобалары сұраныстың жоқтығынан жабылады
2019 жылы "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ның импортты алмастыру бағдарламасы аясында Қазақстанда машина жасау саласында жаңадан 9 өндіріс құрылмақ. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен елдің индустриалды-инновациялық дамуы жөніндегі кездесу барысында "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мәлім етті.
Жобаларға тартылған жалпы инвестиция көлемі 104 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Ахметжан Есімов индустриялық- инновациялық жобаларды оффтэйк келісімшарттар механизмі арқылы іске қосудың тиімділігін атап өтті. Жаңа механизм аясында 2018 жылы 2 жоба іске қосылған. Осы екі жобаның өзінде инвестиция көлемі 18 млрд. теңгені құрап, 220 жаңа жұмыс орны ашылған.
Дегенмен, Ахметжан Есімов мемлекеттік бағдарлама белгілі бір кедергіге тап болатынын айтты.
- Өкінішке қарай, индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясындағы жобалардың бір бөлігі жоспарланған қуаттылыққа шыға алмай, проблемаға тап болды. Бұл, негізінен, ұзақ мерзімді тапсырыстардың жоқтығынан кәсіпорындардың "жұмыссыз" қалуымен байланысты. Соның салдарынан. біз шетелдік өндірушілердің өнімдерін сатып алуды жалғастырамыз,- деді Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
Айта кеткен жөн, Қор оффтейк келісім шарттар механизмін 2018 жылы енгізді. Оффтейк келісім шарттары ішкі инвестициялар арқылы елде теңдесі жоқ жаңа өндірістерді құруға ықпал етеді. Осылайша, ел ішіндегі бизнестің инвестициялық белсенділігі жандана түседі, жаңа өндірістер, жұмыс орындары құрылады, бюджеттің кірістері артады.
Сонымен қатар, Ахметжае Есімов Қорға қарасты компаниялар мемлекеттік сатып алу механизмін оңтайландырып жатқанын айтты. Бір компаниядан ғана сатып алу жүйесін жетілдіру нәтижесінде мемлекеттік сатып алу 1,3 есе қысқарып, ашық тендерлер арқылы жүзеге асқан сатып алулар 2,6 есеге өскен.