Жаңа оқу жылына Жамбыл облысындағы жағымды жаңалықтар...
Жамбыл облысында жаңа оқу жылы – жағымды жаңалықтарға толы. Өңірдегі білім беру жүйесі жыл санап жетіліп, өркендеп келеді десек, ағымдағы жылы ауыз толтырып айтарлықтай игі істердің атқарылғаны соның бір ғана айғағы. Бұл туралы бүгін "Баласағұн" ОКЗ-да өткен "Keleshekke – kemel bilimmen" атты облыстық тамыз кеңесінде айтылды. Осы орайда біз биыл қол жеткен жетістіктер мен жаңа оқу жылындағы жағымды жаңалықтарды жіпке тізгендей жіктеп ұсынғанды жөн көрдік, деп хабарлайды Zakon.kz.
Биыл білім жүйесін қаржыландыруға 130 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 миллиард теңгеге артық. Қарастырылған қаржының 5,1 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге бағытталған.
Ағымдағы жылы өңірдегі 3-6 жас аралығындағы балалардың жыл соңынан дейін балабақшамен 100 пайыз қамтылатындығы десек қателеспейміз. Бүгінде бұл көрсеткіш 98,6 пайызды құрап отыр. Мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың саны 545-ке жетті. Онда 55207 бала тәрбиеленуде.
Ағымдағы жылы өңірде 2194 орындық 15 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жекеменшік балабақша үлесі 31,4 пайызды құрады. Бүгінде облыстағы 171 жекеменшік балабақшада 14984 бала тәрбиеленуде. Ол мектепке дейінгі біліммен қамтылған барлық баланың 27,2 пайызын құрайды.
Биылғы оқу жылында 1-ші сыныпқа 28 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. Жаңа оқу жылында облыста 442 мектеп жұмыс істемек.
5. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жұмыстары жалғасуда. 2019-2020 оқу жылында 4,9,10 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді.
Өткен оқу жылы жемісті болды. Мектеп бітірген 8813 түлектің 317-і "Алтын белгі" төс белгісіне, ал 242 оқушы "Үздік" аттестатқа ие болды. Түлектердің 65,4 пайызға жуығы жоғарғы оқу орындарында оқуға мемлекеттік грант жеңіп алды.
Облыс оқушылары халықаралық, дүниежүзілік, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда 132 медальдарды иеленсе (2018 ж. - 123), шығармашылық байқауларда 2967 жүлделі орындарды, түрлі спорт жарыстарында 238 медаль жеңіп алды.
Жалпы, 2018-2019 оқу жылында 25 мыңнан аса ұстаз 222 мыңнан аса оқушыға заман талабына сай саналы тәрбие мен сапалы білім берді. Оның 1092-сі жас маман.
Сондай-ақ, аймақтағы барлық мектебі бірыңғай сандық жүйеге қосылған. Өңірде балабақшаға балаларды кезекке қою және жолдама алу (edugarden.kz), мектепке 1 сыныпқа қабылдау және жазғы сауықтыру және демалыс лагерьлеріне жолдама беру (eduschool.kz), техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне оқуға қабылдау (zhambyltipo.kz) жүйесі 100 пайыз автоматтандырылды.