Елордада да бір топ адам көшеге шықты
Елордада қолында плакаттары бар бір топ адам көшеге шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға орнында түсірілген видеолар әлеуметтік желіге жүктелуде. Видеодан Нұр-Сұлтан көшелерінде плакат ұстаған адамдардың кетіп бара жатқанын көруге болады. Шеру қалалық әкімдіктен басталғанға ұқсайды. Жүктелген бір видеоның астында олар Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке дейін жүріп өткені жазылған. Видеода шеруге шыққан адамдар жанында полицияның жүргені анық көрінеді.
Елорда әкімінің баспасөз қызметі әкімдік алдына жиналған адамдармен сөйлесуге Қоғамдық даму бөлімінің бастығы шыққанын хабарлады. Ол адамдарға бұл әрекеттерінің заңсыз екенін түсіндірген. Мұндай жиындар (өкілетті митингтер) жергілікті атқарушы орган рұқсат еткен жерлерде болатынын айтқан. Қазіргі уақытта әкімдік алдына жиналғандар тарап кеткен.
Шерудің себебі сол баяғы - Жаңаөзенде, Ақтауда және Алматыда жиналған адамдардың талабына сәйкес келеді. Олар Маңғыстау облысында Қытай 55 зауыт салмақшы-мыс деген дақпыртқа сеніп, соған қарсы. Алдында Жаңаөзен қаласының 500-ге жуық тұрғыны Қазақстанда салынбақ 55 қытай зауытының құрылысы туралы ақпаратқа жауап ретінде өз наразылықтарын білдіріп, Орталық алаңға шыққаны хабарланған еді. Шерулер 2 қыркүйектен басталып, бүгінге дейін жалғасуда.
Айта кетсек, еліміздің қос министрлігі БАҚ арқылы Қазақстанға Қытайдан 55 зауыттың көшірілгелі жатқанын жоққа шығарып, алдында егжей-тегжейлі түсініктеме берген болатын.