Генерал Мұрат Ұрұмханов: "Тұрғындармен кездесу - полицияның ашықтығын көрсетеді
"Жолда қабылдау" және "Аулада қабылдау" республикалық акциялары барысында Алматы облысының бас полицейі Мұрат Ұрұмханов кезекті рет облыс орталығының тұрғындарымен кездесті.
Полиция генерал-майорымен кездесуге келген тұрғындар тәртіп сақшыларының қызметіне қатысты түрлі сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды. Оның ішінде жол қауіпсіздігі, аулалардағы қауіпсіздік, полицейлердің қызметі, айыппұлдарды төлеу, көші-қон мәселелері көтерілді. Ауқымды мәселерді генерал жазып алса, кейбір тұрғын қабылдау барысында жазбаша өтініш беру мүмкіндігіне ие болды.
"Тұрғындармен, жүргізушілермен полиция басшылығының кездесуі – ол біздің жұмысымыздың ашықтығын, жариялығын көрсетудің бір тәсілі. Мен кестеге сәйкес үнемі қабылдаулар өткіземін. Кез-келген полиция бөлінісінің алдында фронт-кеңсе қызмет жасайды. Осындай шараларға тұрақты қатысамыз. Яғни, әр адам өзін толғандырған мәселе бойынша ұсынысы мен өтінішін білдіруге жағдай жасалған деуге болады", - деді Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы М. Ұрұмханов.
Айта кетейік, ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес 13-14 қыркүйек күндері облыс аумағының барлық ірі елдімекендерінде және автожолдарында тәртіп сақшылары қабылдаулар жүргізіп, өз қызметтеріне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.