Тоқтар Төлешовтен 1 млрд 215 млн теңге өндірілді
Тоқтар Төлешовтен 1 миллиард 215 миллион теңге өндірілді, деп хабарлайды Zakon.kz Шымкент прокуратурасына сілтеме жасап.
- 2017 жылдан бастап мемлекеттік сот орындаушысы Төлешовтен мемлекет кірісіне 1,4 миллиард теңге өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізілді. Өндіріс материалдарын зерделей отырып, көптен бері өндіріп ала алмай келген ЖШС-тің жарғылық капиталына активтер ретінде берілген борышкердің мүлкін анықтадық, - делінген хабарламада.
Қалалық прокуратураның араласуынан кейін мемлекеттік сот орындаушысы мүлікке баға беріп, сот шешімімен оларды мемлекет кірісіне өткізді.
Осылайша, атқарушылық іс жүргізу аясында Төлешовке қатысты сот үкімі орындалды және борышкердің 1 млрд 215 млн теңгесі бюджетке аударылды. Үкімнің одан әрі орындалуы бақылауда.
Тоқтар Төлешов 21 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынды деген айып тағылған. Ол экономикалық қылмыстар бойынша және салықтан жалтарғаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекетке бір жарым миллиард теңге төлеуге міндеттелген.