Елордада "Орталық Азия - Оңтүстік Корея" форумы өтіп жатыр
ҚазАқпарат
"Орталық Азия – Оңтүстік Корея" форумының алаңы Корея Республикасын Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимылын нығайтуда тиімді тетік қызметін атқарады - ҚР СІМ басшысы.
Елордада "Орталық Азия - Оңтүстік Корея" 12-форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазақстан барлық уақытта "Орталық Азия – Оңтүстік Корея" форумының рөлін нығайту үшін күш салып келеді. Корея Республикасымен өңір елдерінің ынтымақтастығын дамытудағы айрықша қарым-қатынасымызға Қазақстанның форумға қатысу деңгейін Сыртқы істер министрлеріне дейін көтеруге бастамашылық жасауы дәлел бола алады. Біздің ойымызша, "Орталық Азия – Оңтүстік Корея" форумының алаңы Корея Республикасын Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимылын нығайтуда тиімді тетік қызметін атқарады", - деді форум жұмысын ашқан ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Оның атап өтуінше, бірнеше ғасырлық тарихы мен мәдениеттері жақын Орталық Азия елдері бүгінде әлемнің қарқынды дамушы өңірлерінің біріне айналып отыр. Сонымен қатар Орталық Азия елдері дүниежүзінде маңызды стратегиялық жағдайға ие, адами және экономикалық әлеуеті жоғары. Табиғи және өнеркәсіптік ресурстарға да бай.
"Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңір елдерімен бауырластық қарым-қатынасты нығайтуға айрықша назар аударады. Біздің мемлекеттеріміздің көшбасшыларының тұрақты кездесулері жақсы дәстүрге айналған. Сенім мен серіктестіктің осы бір жоғары деңгейін айрықша бағалаймыз", - деді М.Тілеуберді.
Айта кетейік, шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Сыртқы істер министрлері, ал Түрікменстан тарапынан Қазақстандағы елшісі қатысып отыр.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript