2019 жылы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің қуаттылығы екі есе артты

primeminister.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.10.2019 22:40 primeminister.kz
Қазақстанда белгіленген қуаттылығы 936,8 МВт болатын 83 ЖЭК нысаны бар.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев, жаңартылатын энергия нарығымен өзара іс-қимыл туралы "KEGOC" электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания" АҚ басқарма төрағасы Б. Қажиев, ЖЭК нысандарының экология әсері туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, өңірлердің ЖЭК дамыту жөніндегі жұмысы туралы Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов баяндады.

Қазақстанда белгіленген қуаттылығы 936,8 МВт болатын 83 ЖЭК нысаны бар, оның ішінде 18-і – жел, 27-сі – күн, 35-і – су электр станциялары және 3-і – био электр станциясы. Олардың ішінде биыл қуаттылығы 405,17 МВт болатын 15 нысаны пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін қуаттылығы 104,8 МВт болатын 4 ЖЭК нысанын пайдалануға беру көзделген, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 1 жел электр станциясы, Қызылорда облысында 2 күн электр станциясы және Шығыс Қазақстан облысында 1 СЭС, бұл ЖЭК нысандарының жалпы қуаттылығын 2018 жылғы көрсеткіштен (531,63 МВт) 2 есеге жуық – 1042 МВт дейін арттырады. 2025 жылға қарай ең аз дегенде 3000 МВт белгіленген қуаттылықтарымен ЖЭК жұмыс істейтін болады.

"Бүгінгі таңда, әлемдік тәжірибеге сәйкес баламалы энергия көздерін дамыту – бұл инвестицияларды тарту және экологияны жақсарту бойынша маңызды тренд. Соңғы он жылда жаңартылатын энергия көздерінің әлемдік қуаты төрт есе – 414 ГВт-дан 1 650 ГВт-ға дейін ұлғайды, ал осы кезеңдегі жаһандық инвестициялар көп ұзамай $2,6 трлн жететін болады. Қазақстанда осы жылдың соңына қарай қуаты 1042 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 87 нысаны жұмыс істейтін болады. Инвестициялардың көлемі 406 млрд теңгені құрады", — деді А. Мамин.

Премьер-Министр Қазақстанның белгіленген қуаты шамамен 3 мың МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын сату үшін халықаралық аукциондық сауда-саттық өткізгенін, оған әлемнің 12 елінен 138 компания қатысқанын атап өтті.

"Қазіргі таңда жел және күн электр энергиясына бағалар төмендеуде. Жаңартылатын энергия көздерін кеңінен қолдану үшін олардың дамуын ынталандыратын мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеуді тапсырамын", — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы жалпы, жаңартылатын энергия көздері жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Энергетика министрлігіне халықаралық тәжірибені ескере отырып, қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырды.

Премьер-Министр өңірлер арасында жаңартылатын энергия көздерінің саны бойынша Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұрғанын, сонымен қатар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бірде-бір жаңартылатын энергетика объектісі жоқ екенін атап өтті.

"Әкімдіктер жаңартылатын энергия көздері жобалары бойынша инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізіп, өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында оларды көбірек қолдануы керек", – деді Премьер-Министр.

А. Мамин Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Париж келісіміне сәйкес міндеттемелердің орындалуын және қоршаған ортаға шығарындыларды азайту бойынша мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

zkadm
Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: