"Оларды жолатпау керек". Сарапшы Тоқаевтың енді не істейтінін айтты
Экономикалық сарапшы Олжас Құдайбергенов мемлекеттік бағдарламалардың неге жұмыс істемейтінін, ауылшаруашылығы саласын қалай құлдыратып алғанымызды айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұдан бөлек ол Шыңғыс Дәулетбаевтың Ютубтағы арнасына берген сұқбатында Тоқаевтың келесі сайлауға қатысу-қатыспау мүмкіндігіне қатысты да өз болжамымен бөліскен.
"Техникалық тұрғыда алғанда, Тоқаевтың екінші рет Президент сайлауына түсуіне мүмкіндігі бар. Бірақ оны ол кісінің өзі қаламайтын шығар деп ойлаймын. Сондықтан ол кісі өз ойына алған ел дамуына қатысты барлық мұрат пен мақсатын осы отырған кезінде жүзеге асыруға тырысатын секілді. Содан соң келесісіне жол береді", - дейді ол.
Экономист ел дамуы үшін, ең бірінші кезекте қолға алынуы тиіс төрт нәрсені Тоқаев өз Жолдауында қамтып, оны қолға алып жатқаны көңілге үміт сыйлайтынын айтады.
"Біріншіден, сыбайлас жемқорлықпен күрес. Екіншісі, сот жүйесіндегі реформа. Үшіншісі, мемлекеттік апараттағы реформа, төртіншіден, кешенді экономикалық реформалар, әсіресе ол зейнетақы және тұрғын-үй жүйесін қамтуы тиіс. Сонда даму болады", - дейді ол.
Парламент, Мәслихат, Халық ассамблеясы шын мәнінде жұмыс істемейді
Олжас Құдайбергенов қолданыстағы мемлекеттік басқару аппаратының қазіргі форматы ең нашар екенін айтып, оны былайша дәлелдеп шықты:
- Бізде бар мәселе мемлекеттік басқаруда жатыр. Мысалы, бір мемлекеттік бағдарлама жұмыс істемей жатыр делік. Себебі анықталды, министрлік оны түзеуге уәде етті. Осымен мәселе шешілді деп ойлайсыз ба? Жоқ. Министрлік бір түзету енгізу үшін қанша құрылымның рұқсатын алу керек, ал оған 1,5-2 жыл уақыт кетеді. Ал енгізілуі тиіс түзету біреу емес, бірнешеу. Сөйтіп уақытты созып жүргенде ол мемлекеттік бағдарламаның уақыты өтіп кетеді. Көбіне 5 жыл ғой ол бізде. Бітті, кетті. Қазіргі мемлекеттік басқару аппаратының қолданыстағы форматы - ең нашары. Тиімділік жағынан айтамын. Жылдан жылға жұмысы, тіптен нашарлап барады.Біз зерттеу жүргіздік. Дамушы жеті шетелдік мемлекетті алдық та Қазақстанмен салыстырдық. Біз секілді жетеуі де соңғы 20 жылда бір де бір рет Үкіметін қайта жасамақтаған. Ол бізде Үкіметті қайта құрылымдайды, атауын өзгертеді, функцияны анадан алып, басқасына береді, бір реформаны бастап, оны аяғына жеткізбей екіншісін енгізеді, тағысын тағы дегендей. Мысалы, Қорғаныс министрлігі болды, кейін оған Аэроөнеркәсіпті әкеліп қосты, одан соң ақпараттандыруды енгізді, бір уақытта оны жұлып адып, индустрия министрлігіне қосақтап жіберді. Енді Қорғаныс министрлігі құжаттарын іздеп сабылып жүр, несі қайда кеткенін білмей. Әрине, мұндай былық-шылық бүкіл жүйеге, бюджетке әсер етеді. Сол секілді Қаржы министрлігіне бюджетті жоспарлауды қосады да біресе одан оны бөлек алып шығады. Мысалы, шетелде Экономика министрлігі деген атымен жоқ. Елдегі ақшаға шетелде тек Қаржы министрлігі жауапты, болды. Министрлікті құру керек, оны автономды ету қажет, одан соң тиіспеу керек оған. Тынышына қой, жұмысын істесін. Жұлмалай берсе, қашан жұмыс істейді ол.
Ауылшаруашылығындағы салық – нағыз ақымақтардың жасаған нәрсесі
Олжас Құдайбегенов агроөнеркәсіп саласын шындап қолға алатын уақыт жетті деп санайды.
- Қойшы көп болса, қой арам өледі дейді ғой. Бұл ауылшаруашылығына қатысты тура айтылған сөз. 90-шы жылдарда қиын заман болған кездің өзінде жалпы ішкі өнімдегі ауылшаруашылығы өндірісінің үлесі 35 процент болған, ал қазір 5-ақ процент! Көрдіңіз бе, осындай деңгейге дейін құлдыратқан. Не керек сол ҚазАгроның, түрлі комитет, министрліктің? Ауылшаруашылығындағы салық – нағыз ақымақтардың жасаған нәрсесі. Ешқандай ақылға қонбайды. Ауылшаруашылығына салық енгізуді дайындағандар өте үлкен қателік жасаған. Қазір ауылшаруашылығының кез келген жеріне басыңызды тығып көріңізші – тұнып тұрған проблема. ҚазАгроның мүлде керегі жоқ болған, оның орнына Агробанк құру керек еді кезінде. Құқықтық мемлекеттерде солай болады, негізі. Қазақстан тиімсіз жүйені қалыптастырудан тиімділік табатын мемлекет қой. Осындай тиімсіз жүйені құрғандарды енді ауылшаруашылығына мүлде жолатпау керек, - дейді ол.