Қожамжаров Мәнізоров ісі бойынша прокуратура тарапын қолдайтынын айтты
Сенат дәлізінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы басшысы және бұрынғы бас прокурор, қазіргі сенатор Қайрат Қожамжаров Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қожамжаров бұл іс бойынша айтқаны жеке пікірі екенін баса атап өтті, өйткені оның бұл жағдайға ресми баға беруге ешқандай құқықтық өкілеттігі жоқ.
- Біз құқықтық мемлекет құрып жатқан елміз. Түрлі органдар бар: сотқа дейінгі тергеу органдары, прокуратура және сот органдары бар. Олардың өкілеттіктері бір-бірінен нақты ажыратылып, көрсетілген. Сондықтан бүгіндері Бас прокуратура бұл істі негізсіз деп тауып, оны тоқтату туралы шешім шығарса, онда мен Конституцияға сәйкес прокуратура органдарымен келісемін. Бірақ бұл менің жеке көзқарасым. Барлық қылмыстық істі бағалау үшін, ең кем дегенде тергеуші немесе прокурор болу керек, бүгін мен оның бірі де емеспін. Екіншіден, қылмыстық істің материалдарын жіті зерделеу керек, - деді сенатор.
Ол тергеу айғақ базасының жеткіліксіздігіне байланысты тоқтатылған болуы мүмкін деп санайды.
"Өзімнің тәжірибеме сүйене отырып, айғақтар жеткілікті болған жағдайда бір де бір прокурор мұндай қылмыстық қудалауды тоқтата алмайтынын айта аламын. Бұл - менің жеке пікірім", - деді сенатор.
Қожамжаров сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегілер бұл істі жалғастырудан бас тартқаны үшін Бас Прокуротураның үстінен сотқа шағымдануға құқылы екенін де айтты.
"Агенттік сотқа жүгінуге құқылы", - деп сөзін түйіндеді Қожамжаров.
Алдында Мәжілісте ҚР Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Бас прокуратураның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Мәнізоровты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шағымын қанағаттандырмайтындығын мәлімдеген.
Айтап кетсек, Мәнізоров биыл қыркүйек айының соңында ұсталды. Ол қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Ұсталғаннан кейін ол тергеу изоляторына қамалды. Кейін бұлтартпау шарасы үй қамаққа ауыстырылды. 18 қазанда Мәнізоровтың ақысыз демалысқа шыққаны белгілі болды. 29 қазанда ҚР Бас прокуратурасы Алматы облысы әкімінің орынбасары Мәнізоровқа қатысты істі тоқтатты.
Келесі күні олар әкім орынбасарынан айыптың неге алынғанын түсіндірді