Күштік құрылымдар Кексель үшін неге қырқысып отыр
Жемқорлардың қорқынышты түсіне айналған Олеся Кексельдің төңірегіндегі дау әлі де басылмай тұр. Бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаров оған қатысты іс өткен аптада-ақ тоқтатылғанын айтса, Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты растамады. Керісінше, тергеу әлі жалғасып жатыр екен. Сонда, бұл іске қатысты неге кереғар мәліметтер айтылуда?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қайрат Қожамжаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
"Хотел бы сказать, что это дело связано с делом Шкарупы. Вы знаете, кто написал заявление. В свое время дал показания против Шкарупы по фактам хищений. Мы должны понимать, что такие показания были подтверждены результатами оперативно-розыскных мероприятий, то есть другими доказательствами. Я думаю, что это одна из тактик защиты".
Қорғанудың бір тәсілі деген бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаров өзінің қарамағында болған Олеся Кексельге қатысты осындай баға берді. Бюджеттің 215 млн теңгесін жымқырды деп айыпталған бұрынғы Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның ісінде Кексель ханым жедел тергеу тобын басқарған екен.
Қайрат Қожамжаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
"Қинау жөнінде қандай да бір шағым келіп түссе, ол дереу тіркелу қажет. Осы тектес кез-келген ақпараттардың анық-қанығы тексерілуі керек. Қазірдің өзінде елімізде 30 мыңға жуық қинауға байланысты іс тергеліп жатыр. Ал, Кексельге қатысты шағым осыдан екі ай бұрын түскен. Өткен сенбіде Олеся Ивановнаға хабарласып қылмыстың құрамы жоқ екендігін, іс тоқтатылатынын мәлімдеген. Қоғамда осындай шу туғызғаннан кейін шешімді қайта қарайтын шығар".
Жалпақ жұртқа есім-сойы жуырда ғана белгілі болған Олеся Кексельдің ісіне қатысты ақпараттар соңғы кзедері күн құрғатпай шығуда. Экс-премьер Серік Ахметовтен бастап, Ұлттық экономиканың тізгінін ұстаған Қуандық Бишімбаевтың атышулы істердің басы-қасында осы Олеся Кексель жүріпті. Тіптен, полковник шеніндегі қызметкердің тергеуінен өткен айыпталушылардың кейбірі "қысым көргендерін", айтып шағымданған болатын. Бас прокуратура осы органдағы ең жауапты қызметтің тізгінін ұстаған Олеся Кексельдің өз еркімен қызметтен кеткенін айтып отыр.
Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
"Айта кетейін, сотқа дейінгі тергеудің жүргізілуіне ресми сұрау себеп болған. Адамның кінәсі дәлелденбейінше, ол қандай да бір қылмыс немесе заң бұзушылыққа барды деп айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Олеся Кексель қызметінен өз еркімен кетті. Өтінішін, Бас прокурор қанағаттандырды".
Аса ірі, қоғамның қызу пікірталасын туғызған істердің жанында жүрген дедік кой. Осы тектес бұрынғы Ұұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісінде де Олеся Кексельдің аты аталмай қоймады. Сот залында экс-шенеунік тергеу тобының басшысынан қысым көргенін жалпақ жұртқа жария еткен болатын. Мойындаңдар, мойындаңдар деген сөзді тергеу сайын естиміз деген Бишімбаев та ақыры мерзімінен бұрын бостандыққа шығып тынды.
Қуандық Бишімбаев, экс-министр:
"Толық айт десеңіз, айтайын. Бұл қамауға алған сәттен басталды. Мені тергеу департаменті орынбасарының кабинетіне шақыртатын. Әрине, адвокатсыз. Сонда мойындай салыңыз деп ұсыныс айтады. Олардың есімдері: Олеся Кексель мен Дамир Бақытов".
Олеся Кексель Бас прокуратурадан басшылық ауысқан соң жарты жылға жуық уақыт бұрын кетті. Сол кезде ақ баспасөз беттері бұрынғы арнайы прокурор Германияға қоныс аударды деп жарыса жазған еді. Ішкі істер министрлігі Кексельдің ел аумағынан ешқайда кетпегенін айтып отыр. Әзірге жемқорлардың қорқынышты түсіне айналған прокурорға қандай да бір айып тағылмапты.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
"Бас прокуратура тергеу амалдарын жүргізу үшін аталған істі Ішкі істер министрлігінің бақылауына жіберді. Қазіргі таңда тергеу департаменті жұмыстарын бастап қойды. Кексельге қатысты ешқандай айып тағылған емес, бұлтартпау шарасы да қолданылған жоқ. Қазір ол Қазақстанда. Тергеуден де қашып жүрген жоқ".
Алайда, қазір бұрынғы арнайы прокурор жөнінде бір орган дұрыс жауап берсе, енді бірі өз принциптеріне сүйеніп бұрыс жауап қатуда. Бірақ, шын мәнінде істің ақ-қарасы қашан анықталатыны тек уақыттың еншісінде.