Алматы облысында балалар қауіпсіздігіне байланысты кезек күттірмес шаралар ұсынылды
Алматы облысында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде жиын өтті. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу және оларды құқық бұзушылықтардан қорғау мәселесі талқыланған отырысқа құқық қорғау органдары, прокуратура және ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, білім беру және денсаулық сақтау қызметкерлері және мүдделі органдар қатысты.
"Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша облыста жасөспірімдер арасындағы қылмыс 4,3% артты. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жедел-алдын алу іс-шаралары 7 мәрте ұйымдастырылда. Атап айтқанда, "Жасөспірім" шарасы 4 рет, ал "Түнгі қаладағы балалар" акциясы 3 мәрте өткізілді", - деп атап өтті полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов.
Кәмілетке толмаған баласының түнгі мезгілде үйден тыс жерлерде жүруіне жол берген 4 мыңға жуық ата-анаға әкімшілік айыппұл салынса, 66 ойын-сауық орталықтарының иелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы мектеп оқушыларының қауіпсіздігі туралы айтып, еліміздің өзге өңірлеріндегі тәжірибеге сүйеніп, мектеп қауіпсізідігін білікті жеке күзет ұйымдарына тапсыруды ұсынды. Сонымен қатар, балаларды өрттен қорғау шаралары, бейнебақылау камераларының санын арттыру, интернет желісі арқылы ата-аналарға мектеп ауласындағы және ішіндегі жағдайларды бақылап отыруға мүмкіндік беру мәселесі талқыланды.
"Қазіргі уақытта облыстағы мектептерде 15860 бейнебақылау камерасы орнатылған. Дегенмен, олар жалпы жағдайды бақылауға ғана жетеді. Сондықтан, камералардың санын арттырып, бет-әлпетті көре алатын, күдік тудырған адамдардың тұлғасын жылдам анықтайтын заманауи құрылғыларды енгізу қажет", - деп толықтырды ведомство басшысы.
Облыста үш жүзден астам мектептің далада дәретханасы бары айтылып, олар толық жабылғанға дейін түрлі қылмыстардың алдын алу үшін түрлі ұсыныстар талқыланды.
Сондай-ақ, облыстың бас полицейі 760 мектептің оқушысына 182 полиция инспекторының қарайтынын айта келіп, олардың санын арттыру мәселесін қарастыруды тілге тиек етті. Кәмілетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясының мүшелеріне бірлесіп жұмыс жасауды және полиция тарапынан қандай да бір кемшілік болса, Полиция департаментіне хабарлау қажеттілігін айтылды.
Балалар қауіпсізідігін қамтамасыз етуде полиция тарапынан қажетті барлық шаралардың қабылданып жатқанына сендірген Мұрат Ұрұмханов әрбір қателіктің бала болашағын әсер ететінін ескеріп, барлығын күш жұмылдыруға шақырды.