Түркістанда заманауи үлгідегі олимпиадалық резерв даярлау кешені ашылды
Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңадан салынып біткен спорт нысанын аралап көрді. Мұнда облыс спортшыларының жоғары спорт шеберлігін арттырып, спорт резервін дайындауға, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетуін қамтамасыз ету үшін толық жағдай жасалған, деп хабарлайды zakon.kz.
- Түркістан қаласында спорт мектептері мен стадионның және заман талабына сай ойын алаңдары құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, облыстың түкпір-түкпірінде спорт нысандары бой көтеруде. Осы арқылы спорттық инфрақұрылым дамуда. Бұл жерде болашақ чемпиондар, Олимпиада ойындарының жеңімпаздары өсіп шығады. Дарынды балалардың кәсіби спортпен айналысып, кәсіби өсуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек, – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жас спортшыларға арнаған сөзінде.
Солтүстік Қазақстан облысы тарапынан жүргізілген екі қабатты ғимаратта ойын залы, күрес, бокс және тренажер залдары ашылған. Орталық ауласында үлкен стадион орналасқан. Спорт нысанында басқарманың бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру бойынша облыстық спорттық іс-шаралары мен республикалық, халықаралық жарыстары өтеді. Жастар мен жасөспірімдер арасында еркін күрес, грек-рим, дзюдо, бокс, жекпе-жек спорт түрлері бойынша облыс құрамасының оқу-жаттығу жиындары, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар өткізілмек.
Жалпы аумағы 3,75 гектар жерді алып жатқан халықаралық талаптарға сай бой түзеген спорт кешенінде бір мезетте 220-дан астам спортшы жаттыға алады.
Мектептің спортшылар резервін дайындайтын оқу-жаттығу базасы да талапқа сай жабдықталған. Жалпы орталықта 148 спортшы кәсіби тұрғыда шұғылданады. Оның ішінде 5 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 22 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 121 спортшы спорт шеберлігіне үміткер.
Кешеннің ашылуына орай волейболдан облыс чемпионаты ұйымдастырылды. Шаршы алаңда Түркістан облысының "Жауқазындар" командасы мен Шардара ауданының "Шардара шағалалары" волейбол командалары кездесіп, 2:1 ұпаймен шардаралықтар жеңіске жетті.