Алматы облысында студенттер жасақ құрып, полицияға көмектесіп жүр
Алматы облысының тәртіп сақшылары полицейлердің ерікті көмекшілері "Жалын" жасағының өкілдерімен кездесу ұйымдастырды. Жалындықтардың қалауы бойынша еркін форматта өткен кездесуге тәртіп сақшылары, облыстағы жастар саясатының өкілдері, білім беру мекемелерінің ұстаздары мен үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
"Кездесу "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн" атты акция шеңберінде ұйымдастырылды. Студенттер оқу процесімен қатар, қоғамдық жұмыстың жауапкершілігін түсініп, белсенділік танытуда. "Жалындықтар" өз елінің патриоттары ретінде қоғамдық қауіпсіздікті қаматамасыз етуге атсалысып, полицейлер тарапынан ұйымдастырылған 50 жуық іс-шараға атсалысты", - деп атап өтті облыстық ПД баспасөз қызметі.
Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, облыс орталығындағы Политехникалық колледжі студенттерінен құралған "Жалын" жасағы үзіліс кезінде оқу орны аумағында қандай да бір тәртіпсіздіктің алдын алу мақсатында арнайы кесте бекітіліп, кезекшілік жасалған.
Сонымен қатар, "Жалын" жасағының мүшелері үшін кинологиялық және криминалистикалық қызметтердің күнделікті жұмысы қызығушылық тудыратыны айтылды. Алдағы уақытта ішкі істер органына қызметке орналасуға ниет білдірген "Жалын" өкілі болса, оған жеке мінездеме беру мәселесі талқыланды.
Кездесу соңында студенттерден құралған жасақ мүшелеріне "атына заты сай болу" мақсатында "Жалын" атауына лайық болу, ел ертеңі патриот жастардың қолында екені түсіндірді.