Жамбыл облысында жеңіл өнеркәсіпті дамыту жұмыстары қолға алынбақ
Өңірде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың тиімді шаралары қолға алынбақ. Ол бойынша тиісті зерделеу жүмыстары жүргізіліп, нақты қадамдарға негізделген жұмыс жоспары құрылмақ. Бүгін облыс әкімдігінде өткен кеңесте облыстағы аталған саланы дамыту мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиынға жауапты тұлғалар мен қатар бірқатар кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Айта кетейік, жеңіл өнеркәсіп саласында өткен жылы өңірде 3,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, ағымдағы жылдың он айында ол көрсеткіш 2,2 миллиард теңгені құраған. Бұл орайда өндірілген өнімнің басым бөлігі "Тараз былғары аяқ киім" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Аталған кәсіпорын өткен жылы жалпы шығарылған өнімнің 55 пайызын өндірсе, ағымдағы жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 46 пайызға айналған. Сондай-ақ, бұл тұрғыдағы шетелдік импорттың көлемі 3,8 миллиард теңгеге тең.
Басқосу барысында салаға серпін беріп, тіркелген кәсіпорындардың жүктемесін күшейтуге кедергі болып отырған бірқатар жайттар назарға алынды. Айталық, арнайы сертификат алу, сертификатты алудағы сараптама құнының қымбаттығы, кадр тапышылығы, шикізаттың жетіспеуі, техникалардың тозуы секілді мәселелер бұл бағытта қолдаудың керектігін байқатты. Асқар Исабекұлы осыған айрықша назар аударып, жергілікті және отандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғау жолында нақты шешімдер қабылдау керектігіне көңіл бөлді. Сертификаттандыру шараларын жеңілдетуге, сұранысты жергілікті кәсіпорындар қала берді отандық тауар өндірушілердің тарапынан қанағаттандырудың маңыздылығына тоқталды. Ол үшін жауапты тұлғаларға қолдаудың бар тетіктерін қарастыруды, келісімшарт талаптарын қайта нақтылауды тапсырды.
Жиында бірқатар кәсіпорын басшылары өз кәсіптерін кеңейту үшін кездесіп отырған түйінді түйткілдерін тоқталып, орамды ой-пікірлерін ортаға салды. Олардың дені кадр тапшылығы мен жер мәселесін алдыға тартты. Өңір басшысы оларды шешу бойынша тиісті тұлғаларға хаттамалық тапсырмалар жүктеп, бақылауда болатынын баса айтты.