Қайрат Мәми Тамас Айтмұхаметұлын 80-жылдығымен құттықтады
Бір салада қызмет етіп, пікірлес сыйлас болу, еңбегіңнің жемісін көріп сол азаматтардың мерейлі күндерінде жылы сөз айтып амандық тілеу үлкен ғанибет, ләззатты қызмет.
Тамас Қалмұхамбетұлы қазақ мемлекетінің өткендегі және бүгінгі тарихында үлкен із қалдырған азамат.
Ол кісінің қайраткерлік ғұмыры заң саласының әр сатыдағы қызметіне арналды. Прокуратура саласында ондаған жылдар жемісті еңбек етті.
Сот жүйесінің қалыптасуына сіңірген Тамас Қалмұхамбетұлының еңбегі ерекше. Қашанда қоғамда қайшылықтар мен даулар, қақтығыстар болады оны шешетін билер, соттар, ықылым заманнан қалыптасқан дәстүрлі тәртіп.
Адам тағдырының шиеленіскен дауын, екі жақтың мүдделік қақтығысын, мемлекет тарапынан шешетін, адамның соңғы үмітіне ақиқат пен әділдік төрелігін айтатын инстанция судья.
Бұл адами тұрғыдан да діни сенімде де ең жауапкершілікті лауазым. Бізге, аға ұрпақ өкілдеріне сот тарихының құндылығы мен кемшілігін, өткен сүрлеуін объективті айта білу парасатты парыз.
Кеңес дәуірінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде Республика соттарының атқарған қызметі ауқымды болды. Олар мемлекет функциясын, сол заман талабына сай атқарып, елдегі қалыпты тіршілікті тәртіп пен социалистік заңдылық аясында қамтамасыз етті.
Сол жүйенің басында он жыл Тамас Қалмұхамбетұлы тұрды, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен елге танылып, Республика сотының Одақ көлемінде беделін көтеруде танымды қызмет етті. Жас мамандарға тәжірибелік шыңдаудан өтуге қамқорлық көрсетіп, сот жұмысына жақсы өзгеріс әкелді.
Тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы сотының бірінші төрағасы лауазымында, жаңадан жасақталған сот жүйесінің бастауында тұрып өтпелі кезеңді тұрақтылыққа бағыттай білді.
Елбасының сенімімен Ирандағы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы елшісі болды, Парсы жұртымен ежелгі достықты жандандыруға Тамас елшінің сіңірген еңбегі елеулі екені баршаға аян. Дипломатия тарихында алтын әріппен аты қалды.
Заң ғылымдарының дамуына қосқан үлесі өз алдына бір төбе, жазған оқулықтары мен оқу құралдары бүгінде студенттер мен ғалымдардың сұранысына ие.
Байтақ еліміздің қай жерінде болмасын Тамас Қалмұхамбетұлы тәрбиелеген одан үлгі-өнеге үйренген шәкірттері бұл күнде өздері ұстаз, жастардың арқа сүйер тәлімгерлері атанып отыр. Қаншасы биік кәсіби дәрежеге көтеріліп ел мақтанар тұлғаларға айналды.
Құрметті Тамас аға бойдағы білім, жинаған тәжірибеңізді Қазақстанның көркеюіне, алдыңғы отыз елдің санатынан көрініп, құқықтық мәдениеттің салтанат құруына жұмсауға жаратушы сізге ұзақ өмір берсін.
Балаларыңыздың, туыстарыңыздың амандық қызығын ұзақ тамашалаңыз!
ҚР Конституциялық Кеңесінің баспасөз қызметі