Өкілдер палатасы Трампқа импичмент жариялады
АҚШ Конгресі өкілдерінің палатасы президент Дональд Трампқа "өкілеттігін асыра пайдалану" мен "конгресске кедергі жасау" деген екі бап бойынша импичмент жариялауды қолдап дауыс берді, деп хабарлайды РИА Новости.
Дауыс беру нәтижесінде парламенттегі саны басым демократтар импичментті қолдады, республикалықтар қарсы болды. Импичменттің бірінші бабы - "өкілеттігін асыра пайдалану" бойынша "ия" деп 230 адам дауыс берді, оның ішінде бір тәуелсіз депутат бар, "жоқ" деп 197 адам, оның ішінде екі демократ дауыс берді. Бір адам үнсіз қалды, ол - Демократиялық партияның атынан АҚШ президенттігіне үміткер Тулси Габбард.
Екінші бап - "конгресске кедергі жасау" бойынша арасында бір тәуелсіз депутаты бар 229 депутат "ия" десе, "жоқ" деп 198 адам, оның ішінде үш демократ дауыс берді. Мұнда да бір депутат үнсіз қалды.
Енді іспен сенат айналысып, Трамптың сотын жүргізуі тиіс. Ал Конгрестің жоғарғы палатасындағы саны басым республикалықтардың Трампқа импичмент жариялайтын ниеті жоқ.
Демократтардың айыптауынша, АҚШ президенті Владимир Зеленскийден өзінің қарсыласы Джо Байденге қарсы тергеу жүргізуді талап етіп, Конгресс мақұлдаған Украинаға әскери көмек көрсетудің уақытын әдейі созды. Трамптың қарсыластары келтіретін уәжге сай, президент осылайша Конституцияны бұзып, өз өкілеттігін асыра пайдаланды, ал республикалықтар мұнымен келіспейді.
Президенттің өзі "ешқандай заңсыз әрекет жасамадым, тек Украина билігінен жемқорлықпен күресуді талап еттім" дейді.