Қазақстанда Парламенттік сайлау наурыз айында өтеді - БАҚ
Ресейдің "Россия-24" мемлекеттік телеарнасы Қазақстанда парламенттік сайлау 2020 жылы наурызда өтеді дейтін видео жариялады, деп хабарлайды zakon.kz.
Видео Youtube-тегі "Россия-24" ресми арнасында жарияланды.
Видеода 2020 жылы Боливияда (наурызда), АҚШ-та (3 қараша), Беларусь Республикасында (күні белгіленбеген), Тәжікстанда (күні белгіленбеген) Президенттік сайлау өтеді делінеді.
Сонымен қатар, Қазақстанда (наурыз), Словакияда (ақпан), Мысырда (мамырда), Сербияда (сәуірде), Солтүстік Македонияда (сәуірде), Литвада (қазан), Черногорияда (қазан), Грузияда (қазан) Парламенттік сайлау өтеді деп хабарлайды.
- "Россия-24" телеарнасы не қате жіберіп алған, не болмаса шынымен де біз білмейтін бірнәрсені біледі", - деп жазды осы ақпаратқа пікір білдірген саясаткер Ғазиз Әбішев Telegram арнасында.
Қазақстанда Парламенттік сайлау 2016 жылдың 20 наурызында өтті. Конституцияға сәйкес, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі - бес жыл. Келесі сайлау заң бойынша 2021 жылдың наурыз айында өтуі тиіс.