Алматыда аудандық сот төрағасы парамен ұсталып қалды
"Дүйсенбі күні таңертең Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының төрағасы Алтынбек Баянов пара алғаны үшін ұсталды", деп хабарлайды zakon.kz Nege.kz сайтына сілтеме жасап.
Қолда бар ақпаратқа қарағанда, А.Баяновты сот саласы қызметкерлерінің бірінен пара алып жатқанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстаған.
Алтынбек Баянов 1978 жылы Жамбыл облысы Мерке ауданы Меркі ауылында дүниеге келген. Үйленген, отбасылы. 1999 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультетін бітірген. Еңбек өтілін Жамбыл облыстық сотында (1999-2001 ж.ж.) бас маман боп бастап, Әкімшілік сот мамандары және сараптамалық-ұйымдастыру бөлімінің басшысы (2001), Алматы қалалық сотының бас маманы (2001-2005), Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының төрағасы (2005-2014), Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының төрағасы (2014-2015) қызметін және 2015 жылдан бастап, қазіргі таңға дейін Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының төрағасы қызметін атқарып келген.
Ақпаратты анықтау барысында, Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне хабарласқан едік. Қалалық соттың баспасөз хатшысы ақпаратты бізден естіп отырғанын, ондай мағлұмат өздерінде жоқ екенін, мәлімет түскен кезде журналистер қауымына жедел хабарлайтынын ескертті.
Естуімізше, Алтынбек Баянов сот саласында ұзақ уақыттан бері төрағалықтан мызғымай отырған бір мықтының жақын туысы көрінеді. Сонымен қатар, оны қолма-қол ақша тігіп карта ойнаудың және сот ісінен де өзге мәселелерді "сәтті шешудің" шебері деседі.