Жаңалықтар тізбегі
0

Тоқаев әкімдермен жеке-дара жиын өткізді

Ақорда, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.01.2020 04:32 Ақорда
Қазақстан Президенті биылғы жыл қоғамдық-саяси оқиғаларға толы болатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Ақорда" резиденциясында облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кеңес өткізді, деп хабарлайды zakon.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың басшыларына өңірлерді дамытудың өзекті мәселелерін жедел шешу жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеді.

– Ел экономикасын дамытудың негізгі міндеті – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және ішкі тұрақтылықты сақтау. Сондықтан бәріміз мемлекет мүддесі жолында еңбек етуге тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті биылғы жыл қоғамдық-саяси оқиғаларға толы болатынын атап өтті. Оның пікірінше, мерейтойларға арналған іс-шараның барлығы іскерлік және атаулы сипат алуы тиіс.

– Бұл әдеттегі аста-төк мерекенің бірі емес, қайта идеологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қазақстандықтарды біріктіруге бағытталған прагматикалық шаралар кешені болуы керек. Президент Әкімшілігі өңірлерге шаралардың идеологиялық мақсат-міндетіне қатысты нақты нұсқау береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылын сапалы өткізудің маңыздылығына назар аударып, әкімдерге мұның министрліктің немесе Үкімет деңгейінде өткізілетін кезекті бір акция емес, еліміздің бүкіл аймақтарындағы азаматтардың басым бөлігін қамтитын жүйелі жұмыс екенін ескертті. Бұл істе атқарушы органдар шешуші рөл атқаруы тиіс.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы әкімдерге тұрғындар тарапынан түсетін өтініштер мен талап-тілектер бойынша атқарылатын жұмысты күшейтуді, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті беру кезінде мақсатты топтарға тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді тапсырды. Президент халық жиі тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуді талап етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау және оқыс оқиғалардың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырып, төтенше жағдайлардан сақтанудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында өңірлерді дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу әкімдерге жүктелген маңызды міндет екенін айтты.

Кеңестен кейін Мемлекет басшысы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың бірқатар әкімдерімен жекелей кездесті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловты, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевты, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинді, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновті қабылдады.

Әкімдер Президентке өңірлердің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындылары туралы баяндап, аймақтарды одан әрі өркендету жоспарымен таныстырды.

Мемлекет басшысы әр әкімге өз өңірлері бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: