Мамин инновациялар мен цифрландыру саласындағы шетелдік сарапшылармен кездесу өткізді
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин "Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы" форумына қатысу үшін Алматы қаласына келген цифрландыру және инновациялар саласындағы шетелдік іскерлік, үкіметтік және сарапшылық орта өкілдерімен кездесулер өткізді, деп хабарлайды zakon.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Аmazon Web Services" үкіметті трансформациялау жөніндегі директоры Л. Максвеллмен кездесуде "Астана" халықаралық қаржы орталығы алаңында "Edge Point of Presence" жобасын (Edge PoP – жиынтықты есептеу және контентті жедел жеткізу жүйелері) іске асыру және Қазақстанда аталған компанияның, оның ішінде өңірлік дата-орталықтың нақты инфрақұрылымын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.
Үкімет басшысы "Amazon Web Services" басшылығын Astana IT University-мен мамандар даярлау бойынша ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Astana IT Hub базасында жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Ұлыбританияның Мемлекеттік цифрлық қызметінің директоры К. Фергюсонмен келіссөздер барысында мемлекеттік қызмет көрсету саласын, салық жүйесін цифрландыру, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ АТ-мамандарын даярлау мен олардың біліктілігін арттыру бойынша тәжірибе алмасу мәселелері қаралды.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) инновациялар жөніндегі аға кеңесшісі К. Фабианмен кездесуде орта білім беру мектептерін интернетке жоғары жылдамдықты қолжетімділікпен қамтамасыз етуге және инновациялық стартаптарды дамытуға бағытталған GIGA бастамасын іске асыру бойынша Қазақстанда ЮНИСЕФ-тің өңірлік хабын ашу перспективалары талқыланды.