Мәскеуде Асқар Ақаевтың ұлы қайтыс болды
Кеше кешкісін Мәскеуде Қырғызстанның тұңғыш президенті, көтеріліс кезінде отбасын алып елден қашқан Асқар Ақаевтың ұлы Айдар Ақаев кенеттен дүние салды, деп хабарлайды zakon.kz 24.kg-ге сілтеме жасап.
44 жастағы Айдар Ақаевтың жүрегі тоқтап қалды. Дәрігерлер оны құтқара алмаған.
Еске салсақ, 2005 жылдың 24 наурызында тақтан тайдырылған президенттің төрт баласы бар – Бермет, Айдар, Саадат және Илим.
Бермет пен Айдар Ақаевтар биліктің "Алға Қырғызстан" партиясынан депутаттық мандат алып, Жогорку Кенеш депутаты болғанда елде наразылық туындаған. Митинг нәтижесінде наразы халық 2005 жылдың 24 наурызында "Ақ үйді" басып алып, Асқар Ақаев отбасын алып елден қашты.
1998 жылы Айдар Ақаев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 18 жастағы қызы Әлия Назарбаеваға үйленген. 2001 жылы екеуі ажырасып кетті.
2002 жылы Айдар 21 жастағы тележүргізуші Сайкал Чокубаеваға үйленді. Екеуінің үш баласы бар.
Отбасы Мәскеуге қашқаннан кейін Айдар бизнеспен айналысқан.
Айдар Ақаев кезінде елдегі ең ірі GSM-операторы Бителдің қожайыны болған. Сондай-ақ "Рентон-групп" акцияларының пакетіне иелік еткен.
2005 жылдың наурызында барлық мемлекеттік лауазымдары мен депутаттық өкілеттіктерінен айырылды. Бас прокуратура оның үстінен мемлекет қаржысын жымқыру, күш көрсету арқылы бөтеннің мүлкін иелену, қаржылық алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғаған.