Түркістанда бизнесті қорғау жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол қойылды
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен "Түркістан" әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациясы арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды zakon.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты - бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың жарқын үлгісін қалыптастыру және кәсіпкерлердің жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға белсенді қатысуын қамтамасыз ету.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы Меморандумға Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғ.Асанұлы және "Түркістан" әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрайымы А.Т.Ахмеджанова салтанатты түрде қол қойды.
Салтанатты жиында Ғ.Асанұлы Агенттік тарапынан ел экономикасына инвестициялардың келуін жеңілдету, бюрократия тәртіптерін және сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмау мақсатында "Protecting Businessand Investments" жобасы жүзеге асырылып жатқандығын және жобаға қатысуға қызығушылық танытқан инвесторларға Қазақстан аумағында аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат сыбайлас жемқорлық деректерінен 100% қорғауға кепілдік берілетінін жеткізді.
Қол қою рәсімі аясында басқарма төрайымы Айгүл Төлеуғазықызы отандық және шетелдік кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасаудың жәнн әкімшілік кедергілерге жол бермеудің, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың бұл әдісі - ел экономикасының дамуына едәуір септігін тигізетінін атап өтті.
Айта кетсек, Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін жалпы сомасы 426,2 млрд теңгеден асатын 28 инвестормен жемқорлықсыз сүйемелдеу бойынша келісім жасалды.