18 қазақстандық Ташкентте карантинге жабылды
18 қазақстан азаматы Ташкентте карантинге жабылған. Бұл азаматтар Сеулден келіпті. Өзбекстан дәрігерлері осындай хабар таратты. Әлемді дүрліктірген коронавирус Үкіметтегі жиында да жан-жақты талқыланды. Шенділер бетперде жетіспеушілігін жоямыз деді, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Қытайдан төнген қауіп үдей түсті. Бір күннің ішінде коронавирус тағы 5 елде тіркелді. Сонымен әлем бойынша 50 мемлекет қазір карантинге жабылды. Көрші Қытайдан төнген қауіпке Қазақстан тарапы да алаңдаулы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тіпті 8-наурызға орайластырған мерекелік концертті өткізбеу туралы шешім қабылдады.
Коронавирустың алдын-алу үшін жасалған жұмыстар бұл ғана емес. Үкімет басшысы елде жоспарланған ірі халықаралық шараларды тоқтату туралы шешім шығарды. Вирус анықталған мемлекеттерден еңбек мигранттарын қабылдауға тиым салды.Сонымен бірге, Оңтүстік Корея мен Иранға қатынайтын рейс санын 3 есеге азайтты. Баку қаласына ұшу да қиындады.
Берік Қамалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:
Рейстердің тоқтатылуына байланысты билеттері бар жолаушылар 1 наурыздан бастап жоғарыда көрсетілген рейстерге билет алған орны бойынша айыппұл санкцияларынсыз және толық көлемде қайтара алады.
Бұдан бөлек коронавирус инфекциясы ушыққан Иран елінің азаматтары да Қазақстанға келе алмайды. Қала берді, қауіпті аймақтағы отандастарымыз да әзірге эвакуацияланбайды. Сыртқы істер министрлігі қазір 95 мыңнан астам қазақстандық вирус тараған елдерде жүргенін мәлімдеді. Соның 170-і Иранда болса, Оңтүстік Кореяда 35 мыңға жуық азамат бар.
Шахрат Нұрышев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
Эвакуация туралы әзірге проблема жоқ. Қиын жағдай туындаса ғана эвакуациялау жұмыстары жүргізіледі. Сол себепті қайтуға ниетті азаматтар әзірге жүріп тұрған рейстер арқылы елге орала алады.
Денсаулық сақтау министрі Жамбыл облысына Оңтүстік Кореядан коронавирус жұқтырды деген күдікке іліккен 150 азаматтың келгені туралы ақпаратты жоққа шығарды. 2 айдан бері дамылсыз жұмыстан шаршады ма, бұл жолы министрдің көңіл күйі болмады.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Жасыратын ешқандай ақпарат жоқ. Қанша адам келді. Қандай мемлекеттен келді. Қанша адам карантинде. Біз барын айтып жатырмыз. Қауіп өте жоғары деп айтып жатырмыз. Бүгін жоқ. Мүмкін ертең болады. Одан қорқатын жағдай жоқ.
Үкімет басшының орынбасары Ералы Тоғжанов дін жолында жүрген азаматтарға намазды үйде оқуға кеңес берді. Онын дерегінше Оңтүстік Кореяда коронавирус діни орындардан тараған. Сондықтан, барынша сақ болуға шақырады.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Мешіттерге ұсыныс айттық. Енді бас имамдардың өздері шешім қабылдауы керек. Ашығын айтқанда, Алланың алдында ниет қылу мешіттерде ғана емес, әрбір азамат үйінде де немесе өзіңіз айтқандай ашық аспан астында да ниет қыла алады. Адам көп жиналатын жерлерде бұл мәселені ескеруіміз керек.
Үкімет мүшелері елде медициналық маска тапшылығы барын мойындайды. Алайда, халықты жаппай маскамен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ деді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Адам сау болса, маска тағудың ешқандай қажеті жоқ. Тек сырқаттанып қалсаңыз ғана жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін маска тағып жүруіңіз керек.
Елде 1 миллионнан астам адам коронавирус бойынша тексерілген. Сонымен қатар, ауру тараған күннен бастап дене қызуы көтеріліп, вирустық инфекциямен ауырған 190-ға жуық адам ауруханаға жатқызылыпты. Олардың 166-ы жазылып шыққан. Қалған 20 адам стационарда ем алып жатыр. Олардан коронавирус инфекциясы табылмаған.