Қарағандылық белсенді депутат Божконы сотқа берді
Қоғам белсендісі, Әлия Садырбаева ҚР Парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божконың үстінен Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданының 2 сотына жеке шағым түсірген, деп хабарлайды zakon.kz Жас Алашқа сілтеме жасап.
Әлия Садырбаева депутат Владимир Божконы "халыққа тіл тигізді" деп есептейді.
Қазақстан Парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко 2019 жылы 3 қыркүйекте Қазақстан халықтары Ассамблеясының отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында "Үш жылдың ішінде әлеуметтік көмек 17 есе өскен. Осыдан ақ түсінуге болады.Бұл үшін мемлекетке тізерлеп, алғыс айту керек. Адам жұмыс істемейді кейін "маған бәрін бер " деп отырып алады. Ондай адамды "стойлоға "( мал қорадағы орын ) қоятын қоғам пікірі болуы керек",- деген болатын.
Айта кету керек, Мәжіліс төрағасы орынбасарының бұл пікірі әлеуметтік желіде көп талқыланып, жұрт оған наразы пікір білдірген еді.
Әлия Садырбаева заң шығарып отырған депутаттың халықты бұлайша "тәрбиелеуі" дұрыс емес дейді. Бүгінде Есіл ауданының 2 соты Әлия Садырбаеваның арызын ҚР Бас прокуратурасына жіберген.
Сот "Садырбаева Әлия Болатбекқызының ҚР Парламент мәжілісі төрағасының орынбасары В.Божконы ҚК 131 - б , 2 - б , сай қылмыстық құқық бұзушылығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы жеке арызын тергеудегі кісі бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жіберіледі" деген қаулы шығарған.
"Заң шығарып отырған депутаттың мал қорадағы орынды нұсқап, жұртқа қалай өмір сүру керектігін үйретіп, пікір білдіруін өз басым халықты қорлау деп есептеймін. Енді бұл мәселеге Бас прокуратураның қандай жауап беретінін күтеміз", - деп мәлімдеді Жас Алаш сайтына сұхбат берген қоғам белсендісі Әлия Садырбаева.
Қарағандылық белсенді Әлия Садырбаева Владимир Божко бұл қылығы үшін Қазақстан халқынан кешірім сұрауы тиіс, әрі қызметінен кетуі керек деп есептейді.
Арайлым Еркебаева, Қарағанды