Дариға Назарбаева коронавируспен күреске 100 млн теңге бөлді
Дариға Назарбаева басқаратын "Дегдар" гуманитарлық қоры 100 миллион теңге бөліп, вирусқа қарсы бірқатар шараларды жүзеге асыруды қолға алады, деп хабарлайды zakon.kz.
Біздің қоғамның ең осал бөлігі - жақын адамдарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен қарттар. Сондықтан, қор Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы балалар үйлері мен қарттар үйлеріне басты назар аударады. Аталған мекемелердегі екі мыңға жуық адам ең қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі, делінген қор хабарламасында.
Бұл мекемелердің қызметкерлері мен ондағы адамдар үшін медициналық маскалар, санитарлық тазартқыштар сатып алынады. Балалар үйі мен қарттар үйіндегілердің иммунитетін күшейту үшін, вирусологтар ағзаның инфекцияларға төтеп беру мүмкіндігін арттырады деп көрсеткен поливитаминдер мен түрлі қосымша байытылған тағамдарды беру туралы шешім қабылданды. Берілген барлық тауарлар сертификатталған.
Сонымен қатар, коронавируспен ауыратындарға шұғыл қажет болатын екі стационарлық жасанды тыныс алу аппараты сатып алынды. MINDRAY - медициналық жабдық өндіруші жетекші компаниясының бірі. Оның SV 300 жасанды тыныс алу аппараты әлемдегі ең ірі клиникалар да пайдаланады. Дәл осы аппараттар Қытайдағы науқастардың көпшілігінің сауығуында басты рөл атқарды.
"Асар-Береке" қоғамдық қорымен бірлесе отырып, "Дегдар" қоры жылжымалы медициналық кешендерді Алматы денсаулық сақтау басқармасына тапсырады. Онымен жұмыс істейтін қызметкерлерді қордың ұзақ мерзімді серіктесі - Қазақстан-Ресей медициналық университеті қамтамасыз етеді. Бұл - еліміздің көптеген аймақтарында, соның ішінде Арыс қаласында төтенше жағдайлар кезінде адамдарды құтқарған кәсіби мамандар тобы, деп атап өтті қордағылар. - Қазақстан халқы әрқашан қиын кездерде бір-бірін қолдап келеді. Біздің бірлігіміз қазіргі қиыншылықтарды жеңуге көмектеседі.
21 наурыз күні Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының әлеуметтік нысандарына (балалар үйі, қарттар үйі) көмек көрсетіледі.