Мамырдан бастап депозиттер бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемелері төмендетіледі
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры базалық мөлшерлеменің өзгеруін ескере отырып, мамыр айы үшін теңгедегі депозиттер бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелердің бекітілгенін және депозиттердің жекелеген топтары бойынша мөлшерлемелердің қайта қаралғанын мәлім етті, деп хабарлайды zakon.kz.
Осыған байланысты Қазақстанның Ұлттық банкінің 6 сәуірден бастап базалық мөлшерлемені 12 пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендету туралы кезектен тыс шешімінен соң ҚДКБҚ мерзімсіз және қысқа мерзімді депозиттер бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін төмендетті. Бұл 2020 жылдың 1 мамырынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Әдістемеге сәйкес6 базалық мөлшерлеменің өзгеруі тек мамыр айына арналған ең жоғары мөлшерлемелерге ғана әсер етті. Ал сәуір айының мөлшерлемелері өзгерген жоқ. Бұл ретте қысқа мерзімді салымдар табыстылығының күрт төмендеуіне жол бермеу үшін және жақын келешекте депозиттердің осы тобы бойынша мөлшерлемелер біртіндеп төмендейтіндіктен, қор төмендетілген базалық мөлшерлемеге қатысты спредті көтерді.
Бұған дейінгі ең жоғары мөлшерлемелер наурыз бен сәуірде базалық мөлшерлеменің өскендігін ескере отырып бекітілген болатын. Ең жоғары мөлшерлемелерді өзгерту әлемдік және ішкі нарықта қалыптасқан жағдайға байланысты салымшылардың мүдделерін қорғау үшін дер кезінде қабылданған шара болды. Сонымен теңгедегі мерзімсіз салымдар бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі – 12 пайыз.
Толықтыруға болатын 3 және 6 айлық мерзімді салымдар бойынша мөлшерлемелер 12 пайызды, ал толықтырылмайтын түрі бойынша 12,5 пайызды құрады. Осы мерзімдерге арналған толықтырылатын жинақ депозиттер бойынша мөлшерлемелер – 13 пайыз, ал толықтырылымайтын түрі бойынша – 13,5 пайыз.
Жаңартылған мөлшерлемелер салымдарды саралау, яғни жіктеу қағидасына толығымен жауап береді, толықтыруға болатын, қысқа мерзімге арналған депозиттер бойынша мөлшерлемелер осы салымдардың толықтырылмайтын түрі бойынша мөлшерлемелерден 0,5 пайыздық тармаққа төмен.
Толықтырылмайтын жинақ депозиттерді қоспағанда ұзақ мерзімді салымдар бойынша 2020 жылдың мамырына белгіленген мөлшерлемелер өзгерген жоқ. Ал толықтырылмайтын жинақ депозиттердің мөлшерлемелері – 14,7 және 14,8 пайызға дейін төмендетілді.
Бұл ретте олар мөлшерлемелері қайта қаралған қысқа мерзімді депозиттермен салыстырғанда тартымды болып қала бермек. Өйткені жоғары табыстылықты қамтамасыз етеді.