Телеграм-бот арқылы төлем алуға 800 мыңнан астам өтініш берілді
Телеграм-бот арқылы әлеуметтік төлемақы алуға 800 мыңнан астам өтініш берілді, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік 6 сәуірде іске қосқан Телеграм-боттардың көмегімен 42500 тг. әлеуметтік төлемді алуға 800 154 өтініш берілді. Жалпы алғанда, барлық қолжетімді сервистер арқылы азаматтардан 2,5 млн. өтініш келіп түскен.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 42500 тг. әлеуметтік төлемін алуға өтінім беруге арналған қосымша арналарды іске қосқанын естеріңізге салып өтеміз. Әр өңірдің азаматтары өз өңірлері бойынша өтінім бере алатын 18 телеграм бот құрылды. Бұл арналардың жүктемесін азайтып, өтінім беру уақытын қысқартуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, egov.kz порталында ЭЦҚ-ны пайдаланбай, SMS арқылы авторлану жолымен өтінім беруге болады. Берген өтініміңіздің қаралғанын және өңделгенін порталдағы Жеке кабинеттен тексере аласыз. Бұдан басқа, 42500.enbek.kz сервисі арқылы да өтінім қабылдау жалғасуда.