Түркістан облысында 221 млн теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті "Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі" ақпараттық-талдау жүйесі арқылы сатып алу саласына жүргізген мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылдың І тоқсанында жалпы соммасы 221 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге қол жеткізді, деп хабарлайды zakon.kz.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан жоспарланған мемлекеттік сатып алуда негізсіз бағаны өсіру фактілері анықталды.
Бүгінгі күні қабылданған ұсыныстардың қорытындысы бойынша мониторинг нәтижесімен 221 755 965 теңге үнемделіп, бірқатар тиісті мекемелерге жоспарланған соманы медиандық бағаға келтіріп, қайта жоспарлау бойынша хат жолданды.
Мәселен, Кентау қаласының білім бөлімі А4 пішімді алфавиттік кітапты 517 670 500 теңге көлемінде сатып алуды жоспарлаған. Осы уақытқа дейін аталған кітаптың медиандық бағасы 1 650 теңге мөлшерінде екендігін ескерсек, аталған жағдай сатып алудың дұрыс жоспарланбағанын (немесе мәліметтердің дұрыс толтырылмағанын) көрсетеді. Осы орайда, бюджет қаражатын үнемдеп, тиімді жұмсау мақсатында жоспарланған кітаптың бағасын медиандық бағаға туырлап, сатып алуға жоспарлаған соманы (мемлекеттік сатып алуда) қайта қарастыру ұсынылды. Нәтижесінде, 104 965 714 теңге бюджет қаражаты үнемделді.
Ал, Бәйдібек ауданының білім бөлімі кітап сатып алуға жалпы соммасы 188 078 000 теңге жоспарлаған. Аталған мекемеге кітаптың бағасын медиандық бағаға туырлап (медиандық бағасы 1 905), сатып алуға жоспарлаған соманы қайта қарастыру ұсынылды. Нәтижесінде, бюджет қаражатынан 88 001 456 теңге үнемделді.
Айта кетсек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, "Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі" порталы арқылы тауарлар мен қызметтердің орташа бағасын өзге лоттың жарияланған бағасымен немесе нарықтық бағамен салыстыруға мүмкіндік алып отыр.
Жыл басынан бері аталған жүйені қолдану арқылы бюджет қаражатын мақсатсыз шығындау деректерінің жолын кескен Түркістан облыстық Департаменті алдағы уақытта да бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеу мақсатында мониторинг жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін болады.