Бүгін қор биржасында доллардың бағасы 3,37 теңгеге арзандады
Қазақстан қор биржасында сағат 11: 00-де белгіленген доллардың орташа бағамы 3,37 теңгеге төмендеп, 432,45 теңгені құрады, деп хабарлайды zakon.kz.
Сауда көлемі 57,1 млн АҚШ долларын құрады.
Қор биржасы 20-24 сәуір аралығында KASE нарықтарындағы сауда-саттық, клиринг және есеп айырысу ережелері өзгертілгенін еске салады.
Сәрсенбіде күнделікті сауда-саттықта доллардың орташа бағамы 435,82 теңгені құрады.
Осы уақытта Brent және WTI маркалы мұнай бағасы ақырындап көтеріліп жатыр. Бұған сауда-саттық мәліметтері дәлел.
Нұр-Сұлтан уақыты 11: 15-тегі жағдай бойынша, мұнай биржасында Brent маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстерінің бір баррелінің бағасы 22,26 долларды құрады. WTI маркалы америкалық мұнайдың бағасы 15,30 доллар болды.
Айта кетсек, осы апта басында халықаралық нарықтағы Brent маркалы мұнайдың бағасы 17 доллардан да төмендеп кеткен еді.
20 сәуірде тарихта алғаш рет WTI маркалы мұнайдың құны нөлден төменге кетіп, минус 40 долларға жеткен. Бұл қор биржасындағы сауда-саттықтың соңғы күні орын алды. Бұл жайт трейдерлердің мұнай ұсынысының артып, оны сақтайтын орын табылмай жатқандықтан, оны нарыққа көл көлемде жаппай сатуға шығаруға ұмтылуымен түсіндірілді.