Тоқаев: Егер індет өршіп кетпесе, 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталады
Ақорда
Сондай-ақ өз сұқбатында Тоқаев төтенше жағдай кезінде халықтың тап болған материалдық мәселесі шешіміне де кеңінен тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы төтенше жағдайдың ұзарту-ұзартылмауына қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Президент "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұқбатында: "Егер індет өршіп кетпесе, 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталады", - деді.
"...Жалпы, Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдары айқын. Елбасы бұл мәселе жөнінде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында нақты атап көрсетті. Кез келген дағдарыс тың бастамаларды туындатады. Әрине, осы кезеңнен сабақ алып, осал тұстарымызды жетілдіруіміз керек. Егер індет өршіп кетпесе, 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталады", делінген Президент сұқбатында.
Сондай-ақ өз сұқбатында Тоқаев төтенше жағдай кезінде халықтың тап болған материалдық мәселесі шешіміне де кеңінен тоқталды.
"Біз Қазақстанда төтенше жағдайды дер кезінде жарияладық. Осындай шаралардың арқасында вирустың жаппай таралуына жол бермей, қоғамдағы тұрақтылықты сақтап отырмыз. Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасауды ұйғардық. Жалпы, 4,2 миллион адам бұл көмекті алды. Оны екінші айда да жалғастырамыз. Бұдан бөлек, 1 миллиондай мұқтаж жан азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды. Осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе, мемлекеттілігімізге сын емес пе?! Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз", - деді Президент.
Президент тапсырмасы бойынша, кәсіпкерлер қауымын төтенше жағдайдан соң жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету жағын Үкімет қарастырып та қойыпты.
"Уақытша қиындыққа тап болған 1,6 миллион кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілді. Мұндай шара іскер азаматтарды қолдау үшін қажет. Сондай-ақ "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаражат жаңа жобаларды қайта қаржыландыруға, жеңілдік шарттарымен несие беруге жұмсалады. Кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер мерзімі ұзартылды. Зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемінен алты айға босатылды", - деді Тоқаев.
Айта кетсек, коронавирустың таралуын алдын алу мақсатында жарияланған еліміздегі төтенше жағдай алдында 16 сәуірден 11 мамырға дейін ұзартылған болатын.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript