Созақ ауданында салынған жолдар сапасы халық наразылығын тудырды
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған "Сапалы жол" жобасы аясында Түркістан облысына қарасты Созақ ауданының автокөлік жолдарына кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды zakon.kz.
Бақылау жұмыстарының негізгі мақсаты - автомобиль жолдарының сапасына сараптама жүргізу арқылы төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, жолдарды төсеу мен жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық кұқықбұзушылықтарының алдын алу және бюджет қаражатына салынған жолдарға тұрғындар тарапынан қоғамдық бақылауды күшейту.
Жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстарына Созақ ауданы әкімінің орынбасары Б.Әлмағанбет, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары М.Қарғабай мен Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ғ.Жүндібаев, аудандық Арнайы мониторингтік топ мүшелері және "Түркістан – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің менеджері Е.Тұңғышбаев пен аудандық "Nur Otan" партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Әлжанов, облыстық "Ұлттық жол активтері сапасы орталығының" РМК мамандары мен жауапты мердігер компанияның басшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Мониторинг барысында ауданға қарасты Тасты және Шолаққорған ауылдарына төселген жаңа жолдардың құрамы мен стандарты сараланып, жылжымалы жол зертханалық көлігі арқылы асфальт бетон жамылғысынан сынамалар алынды.
Тасты ауылының тұрғындарының арыз-шағымдары негізінде жүргізілген мониторингтік жұмыстар барысында Бауыржан және Жамбыл көшелерінің тегістігі және асфальт бетон жамылғысының беткі жағының бұзылу деректері мен оның қалыңдығы сметалық құжатқа сәйкес келмейтіндігі белгілі болды.
Сондай-ақ, Шолаққорған ауылында орналасқан Жамбыл, №30, №32 және А.Мұқанов көшелеріне жүргізілген арнайы бақылау жұмыстары кезінде бірқатар кемшіліктер, соның ішінде көше қиылыстарының біріктірілген тұстарының шашылу деректері мен жол төселімінің қалыңдығы біркелкі еместігі анықталды.
Ауданға қарасты қос ауылдың жол сапасына жүргізілген Салынған жолдардың сапасы сын көтермейтінін байқаған мамандар мердігер жұмысында анықталған кемшіліктер бойынша акт түзіп, мердігер мекеме басшыларына қайта жөндеуден өткізуге бірқатар ұсыныстар берді.
Айта кетсек, алдағы уақытта да Түркістан облысына қарасты барлық қала/аудандардың жолдары жиі бақылауға алынып, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына жылжымалы жол зертханалық көліктері арқылы тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.