Мемлекеттік телеарналарға қосымша миллиардтар құйылады
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ашық бюджет саясаты аясында "Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу" бюджеттік бағдарламасы жобасының егжей-тегжейін жария етті, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
"Бұл шығыстар Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық дамуын, сондай-ақ бәсекеге қабілеттілігін ақпараттық қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл елде жүргізілетін ақпараттық саясат саласында мемлекеттің тиімділігін арттыру үшін қажет", – деген ресми түсініктеме берді ведомство.
Бұған қоса осы саясат аясында отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін көтеру көзделуде.
Бағдарламада ел бюджетінен қосымша жұмсалатын ондаған миллиард теңге қандай қайтарым мен нәтиже әкелуге тиістігі жазылған, ол міндет сонша көп те емес.
"Отандық ақпараттық өнiмдерге деген көрермендер мен оқырмандардың сұранысы 2020 жылы кемінде 68% болады. 2021 жылы сұранысқа ие болу деңгейі кемінде 69%, ал 2022 жылы кемінде 70% құрайды. Халықтың мемлекеттік саясаттың БАҚ-та жариялануына қанағаттану деңгейі 2020 жылы кемінде 67%, 2021 жылы ең кемі 68%, 2022 жылы кемінде 69% болады", – делінген құжатта.
Айта кету керек, Үкімет мемлекеттік телеарналар мен газеттерге басқа да көздерден ақша беріп, қолдайды.
Ал дәл осы мемлекеттік бағдарлама аясында былтырғы жылы 49 миллиард 481,7 миллион теңге үлестірген-тін.
Биыл бұл сома артып отыр. Нақтылай кетсек, биылғы жылы – 50,01 миллиард, келесі жылы – 52,01 миллиард, ал 2022 жылы – 53 миллиард 696,9 миллион теңге бөлінбек.
Сонымен, ағымдағы жылы министрлік мемлекеттiк саясатты насихаттау, мемлекет имиджін көтеру үшін әртүрлі интернет ресурстарда 11 миллион 258,3 мың символды құрайтын материал орналастыруды жоспарлап отыр.
Мемлекеттiк тапсырма шеңберінде inform.kz агенттігінде 2 мың 82 материал басылмақ.
Мемлекеттiк тапсырыс пен тапсырма аясында жалпы көлемі 122 мың 267 сағатты құрайтын телевизиялық бағдарламалар мен радиобағдарламалар бюджет қаржысына жасалады.
Baigenews (бұрынғы Bnews) интернет порталында орыс тілінде 984 ақпараттық-талдамалық материалдың жариялануы, мемлекеттік және орыс тілдерінде 70 онлайн-конференцияның өткізілуі бюджеттен қаржыландырылады.
Бұдан бөлек, Baq.kz – 705 ақпараттық материалдарға, El.kz – 700, Ruh.kz – 412, Adebiportal.kz – 180 ақпараттық материалдарға, Кaztube.kz порталы – 120 сағат бейне материалдарға тапсырыс алғалы отыр.
Ел Үкіметінің ресми интернет сайты Pm.kz мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланған 320 ақпараттық материалы, Strategy2050.kz интернет порталы – мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған 379 ақпараттық материалдары үшін ел қазынасынан қаржы алады.
Аида Балаева басқаратын министрлік биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2 зерттеуге ақша береді.
Телеарналар бюджет қаражатына 210 телехикая сериясын түсіруі тиіс.
"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жариялау үшін 937 медиа өнім жасалып, мемлекеттік және мемлекеттік емес сайттарда, блогерлер парақшаларында орналастырылады.
Айтқандай, Қазақстан халқы ассамблеясы төл бюджеті сыртында осы бағдарламадан да ақша саумақ. Атап айтқанда, оның ресми сайты Assembly.kz мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде 249 ақпараттық материалдар, үш тілде 120 бейне материалдар, 40 аудио материалдар басса, мол қаржы алады.
Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басқа, "Қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру" атты бюджеттік бағдарламасы аясында бұл бағытта тағы 1 миллиард 563,3 млн теңге жұмсау жоспарланған.
Әрине, әр редакциямен жеке келісім жасалатындықтан әрі оның анық-қанығы коммерциялық құпия саналатындықтан, бағдарламада әрбір телеарна, радио, газет, журнал, сайт пен блогер қанша алатыны нақтыланбады.
Бағдарламаның "Ақпарат саласындағы қайраткерлерді ынталандыру" аталған №2 ішкі бағдарламасына сәйкес, медиа кеңестіктің дамуына үлес қосқан дарынды журналистерге және БАҚ ұжымдарына мемлекеттік сыйлықақылар төлеу қарастырылған. Сыйлықақы көлемі биыл 4-еу болмақ. Марапат иелеріне жалпы сомасы 14 млн 474 мың теңге төлеу көзделген.
Жылдағы дәстүр бойынша 28 маусым – БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында әдетте 35 жасқа дейінгі 2 жас журналистке Президенттік грант, ал 2 журналистика корифейіне, редакторға – Президент сыйлығы табысталатыны мәлім. Кей жылдары Мемлекет басшысының гранты 4 журналист арасында бөліске салынды.
Жанат Ардақ