Көпбалалы аналар "Nur Otan" партиясына барып, 50 мың теңге бер деді
Алматы облысында наразы топ "Nur Otan" партиясы ғимаратының алдына жиналып, мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізбек болды.
Сөздерін тыңдасақ, бәрінің жан-жарасы балаларының несібесі. "Біз біргеміз" қорының 50 мың теңгелік қаржылай көмегінен үмітті оларға бір тиын да бұйырмаған. Әлеуметтік жағдайы мұқият тексерілместен, қор қаржысы көлденең көк аттының қолында кетіп жатқанға ұқсайды. Ал өздерінің тізімде бар-жоғын білгісі келгендерді қуып шығыпты.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 5 баланың анасы Наргиза Қалиева "Біз біргеміз" қорынан ауылды жерлерге 50 мың теңгеден көмек беріліп жатқанын естіп, партия филиалына келген екен. Тізімде бар-жоғын сұрамақ болған келіншекке басшылығы тізімді сұрауға ешкімнің құқы жоқ, деп дөрекі жауап берген көрінеді.
Наргиза Қалиева, көпбалалы ана:
"Сұрауға списокты ешқандай да хақың жоқ, деді. Менің ар-намысымды таптады. Аналық құқығымды таптап, мені, балағаттық сөздерді айтты. Мені соғып жібере жаздады. Ол куәгерлер бар".
Әсел Нұрдәулетқызы, көпбалалы ана:
"50 мың теңге ауылды жерлерге берілейін деп жатыр. Оны да алған жоқпыз. Оны да көрген жоқпыз. Сол оған да списокке жазылуға келсек, бізбен дөрекі сөйлеседі. Очень агрессивный человек бастығымыз "Нұр Отанның".
Ал, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Ыдырысов бұл айтылғанның бәрі жала екенін айтады. Ешқашан елді балағаттап, ешкімге тіл тигізбейміз, - деп ақталды.
Дәулет Ыдырысов, "Nur Otan" партиясының Ескелді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
Жоқ, ол жерде ондай мәселе ешқашанда болмайды. Анау-мынау деген әңгімеге ешқашан да бармаймыз да. И ары қарай жұмысымызды жалғастыруымыз керек.
Жалпы, Ескелді ауданы бойынша түрлі деңгейде әлеуметтік көмек алатын 5 мыңға жуық адам бар. Солардың 770-тейі "Біргеміз" қорынан 50 мың теңгеден ақша алған. Ал, сол тізімге енбей қалған бұл аналар ендігі кезекті күтпек. Бірақ, оның өзінде үміттерінен гөрі күдіктері басым.
"Қалай ашынбайсың? Осындай бланка жазуға бола ма, ойлаңдаршы? Осындай бланк завтра уйдет на мусор. Журналдарың қайда?".
Көпбалалы аналардың арнайы журналға тізім жасауды талап етулері бекер емес. Өйткені, көбісі бір күн бұрын ғана қаржылай көмек алуға жазылып кеткен. Алайда, ол қағаздың қайда кеткені белгісіз. Сондықтан, қайта тізім жасауларына тура келді.
Дәулет Ыдырысов, "Nur Otan" партиясының Ескелді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
"Төртінші транш та болуы мүмкін. Сол себепті, тізімдеп жатырмыз. Қалай, қордың ақшасы жиналып немесе бізге тізім жинап беріңдер, - деген мәселе қойса, біз сол кезде осы кісілерді тізімдеп, тізімдерін жібереміз".
Гүлнәр Тұралбаева, көпбалалы ана:
"Енді, соны төлемей қалып жүрмесе болды. Сол 50 мың теңгені "Біз біргеміз" деген сол көпбалалы аналарға берсін талап етеміз".
Ал, қордан тағы төтінші рет қаржы бөлу мәселесі меценаттардың демеушілігіне байланысты.