Экономика: 90-шы жылдардағыдай күн кешуіміз мүмкін
Ел экономикасына жөнді көңіл бөлінбесе 90 жылдардағыдай күн кешеміз. Ең қауіпті болжам осы. Экономистер уақылы шаралар қолданылмаса халықтың дені жұмыссыз қалады дейді. Бұл күні нәпақасын ірілі-ұсақты кәсіптен тауып жүргендердің саны елімізде 3 миллионның айналасында. Дағдарыс алқымнан алса екі қолға бір күрек іздегендердің үлес салмағы артып кетпек.
Расымен ел экономикасы минусқа кете ме? Алаңдауға негіз бар ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Жыл соңына қарай ел экономикасы құрдымға кетуі мүмкін. Халықпен кездесу барысында Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов осындай мәлімдеме жасаған еді.
Руслан Даленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
"Былтыр жыл соңына қарай экономикалық өсім кем дегенде 4,1 пайыз болады деп жоспарлаған едік, алайда елдегі қатаң карантин режимі салдарын тигізбей қоймайды. Биыл экономика минус 0,9 пайызға дейін түсуі мүмкін деген болжам бар".
Бюджеттің түсімі де пандемия кезінде көңіл көншітерлік болмады. Қаржы министрі мұны төтенше жағдай кезінде "бизнесті қолдау шараларымен" байланыстырған еді.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
"Салық түсімдерінің төмендеуі сәуірде басталып, осы жылдың мамыр айында жалғасты. "Электрондық шот-фактуралар" АЖ сәйкес, кәсіпкерлік белсенділіктің ең үлкен төмендеуі көтерме және бөлшек саудаға байланысты. Тауарларды сату айналымы 2019 жылдың мамырымен салыстырғанда 54% -ға немесе 1,2 трлн теңгеге төмендеді".
Экономист Мақсат Халық Қазақстанның экономикасы соңғы 22 жылда болмаған теріс көрсеткішке тап болуы мүмкін деген болжам негізсіз емес екенін құптап отыр. Дағдарысқа қарсы 5,9 триллион теңге бөлінгені белгілі. Бұл бағытқа біздің ел Орта Азияда ең қомақты қаражат жұмсауда. Бірақ, ол мақсатты түрде қолданылмаса, ең қауіпті сценарий мынадай болуы мүмкін.
Мақсат Халық, экономист:
"Бұл 90 жылдарға оралу деген сөз ғой. Ал 90 жылдарды көрген азаматтар біледі ол кезде қалай болғанын. Қарапайым тілмен айтатын болсақ экономикалық құлдырау кезінде жұмыссыздық өршиді. Бағалардың өсімі орын алады. Көптеген зауыт, фабрикалар жабылады. Шағын және орта бизнес қызметін тоқтатады. Банкрот болады. Салдары өте үлкен".
Карантин кезінде қараша халықты да бизнесті де қолдауға қомақты қаражат бөлінді. Төтенше жағдай кезеңінде 4 миллионға жуық азаматқа 42 500 теңге берілді. Бұдан бөлек шағын және орта бизнеске жылдық үстемақысы 8 процентпен 600 милллиад теңге бөлінгені тағы бар. Жұмыссыздарға екі қолға бір күрек ұстату үшін "Жұмыспен қамтудың жол картасы" да іске асып жатыр. Бұл бағытқа 300 миллирд теңге қарастырылған. Жоба аясында 250 мың қазақстандық қызметке орналастырылмақ.
Осы орайда экономист Сапарбай Жұбаев байбалам салудың қажеті жоқ дегенді айтады.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
"Мұнайға сұраныс болғаннан кейін 20-25 барреліне тұрған мұнай 40-42 долларға жетіп келді. Бюджетімізді 20 доллардан есептеген болсақ бұл 2 есе көбірек. Сондықтан біздің бюджетімізге де ақша түседі. Мүмкін ертең 50-55 долларға жететін болса баррелі мәре біздікі болады. Сондықтан екінші күйзеліс қайталануы мүмкін емес".
Түсінікті. Елімізде еңбекке жарамды 10 миллион азамат бар десек, соның үштен бірі шағын және орта бизнесте жүріп, табыс тауып жатқанын да ескеруіміз керек. Нақтырақ айтсақ, 3 миллион 200 мың адамдай. Дағдарыс кезінде жұмыссыздардың саны артпауы үшін қаржы мамандары Ұлыбританиядағыдай жалақының бір бөлігін мемлекет көтерсе ұтымды болар еді дейді.