Туысының мүгедек қызын зорлаған қаскүнемге үкім шықты
Екі жыл бойы туысқанының мүгедек қызын зорлап келген қаскүнемге үкім шықты. Сұмдық жайтты ДЦП дертіне шалдыққан 28 жастағы бойжеткен әке-шешесіне ыммен түсіндіріп беріпті. 55 жастағы еркек туыстарының сеніміне әбден кіргені сондай, ешкім жоқ кезде оған бас-көз болғансып, массаж жасап жүріп, қорлап келген.
Сот оған қандай үкім шығарды? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
"Бір Құдай жазасын берсін, енді не істейміз?!".
Сот залынан үкімді тыңдап шыққан жәбірленушінің анасының журналистерге айтқан алғашқы сөзі осы болды. Тергеу барысында ер адамға "Зорлау" бабы бойынша тағылған айыбы толық дәлелденген. Үкім шығарарда сот оның кәмелетке толмаған баласы бар екенін, сондай-ақ, зорлық Қылмыстық кодексте мұндай қылмыс үшін қатаң жаза тағайындау туралы өзгерістер енгізілмей тұрып жасалғандығын ескерген.
Анар Айтжанова, облыстық соттың баспасөз хатшысы:
"Әміржан Қарылғашев бірнеше рет жасалған зорлау фактісі бойынша кінәлі деп танылып, оған Қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге 6 жыл 8 ай мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің моральдік зиянды өтеу туралы талабы толық қанағаттандырылып, 2 млн теңге өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ".
Қыздың анасы зорлаған ер адам күйеуінің жағынан туысы болып келетінін айтты. 55 жастағы еркек оның сеніміне әбден кіргені сондай, ешкім жоқ кезде бойжеткенге бас-көз болып, массаж жасап жүріп, қорлап келген. Екінші топтағы мүгедек баласының бойында үрей барын ата-анасы кеш байқаған. Әлгі туысы келсе болды, қызы "кет, кет" деп ашуланып, өлтірем деп ымдайтын болыпты. Кейін сурдоаудармашының көмегімен қай бөлмеде, қалай зорлағанын егжей-тегжей көрсетіпті. Моральдық-психологиялық тұрғыдан зәбір көрген қызы содан бер әлі қорқыныштан арыла алмай жүр екен.
Жәбірленушінің анасы:
"Қызым сұрайды. Әрбір сәтте сұрайды соттан келгенде. Сұрай береді. Постоянно қалай болды, не болды деп, не істеді деп сұрайды. Анда-мында апарып, комнатада, мына жерде, мына жерде болды ғой, неге мойнына алмайды дейді. Солай сот сайын сұрайды қызым".
Сұмдық жайттан кейін жәбірленушінің ата-анасы ауылдан көшуге бел буыпты. Үйлерін сатуға қойған. Әйтпесе, бөлменің әр бұрышы қызымның жүрегіне түскен жараны есіне түсіре береді дейді, анасы. Қалай болғанда да жәбірленуші тарап әділдікке қол жеткізгендерінің өзін кішігірім жеңіс санап отыр. Өйткені, жыл басында сотқа жолданған іс прокурорларға кері қайтарылған еді. Өйткені, судья зорлау оқиғасы болған күнді нақтылауды талап еткен болатын.