26 жыл отырған Лукашенкоға қарсы біріккен беларусь оппозициясы ірі акция өткізді
Беларусь президенттігінен үміткер Светлана Тихановская 19 шілдеде алғашқы үгіт-насихат шарасын өткізді. Оған 3 мың мен 7 мың аралығында адам келген, деп хабарлайды centralasian.org.
Тихановскаямен қатар митингіге тіркелмеген оппозиция кандидаты Виктор Бабарико штабы өкілдері мен тіркелмеген кандидат Валерий Цепкалоның әйелі де қатысқан. Бұған дейін олардың штабтары "ұзаққа созылған диктаторлық режимді жою үшін" Тихановская штабы төңірегінде күш біріктіретінін мәлімдеген еді.
Вероника Цепкало митинг кезінде әлемнің түрлі елдерінен жиналған 200-ден астам адамның (Германия, Чехия, Украина) дауыс санау кезінде "фальсификацияны азайтуға көмектесетін" IT-платформаны жасауға күш салып жатқанын айтты.
Светлана Тихановская митинг кезінде билік қорыққандықтан Бабарика мен Цепкалоны тіркеуден бас тартты деп мәлімдеді.
"Билік кандидаттардан қауіптенеді, бірақ қауіп - кандидаттарда емес, үрей мен қорлаудан мезі болған азаматтарда жатқанын түсінбейді" деді ол.
Акция болған аумақ - Достық саябағында мобильді интернет толық өшірілгендіктен ақпарат құралдары митингіден тікелей эфирде хабар тарата алмады. Дегенмен полиция бұл жолы акцияның өтуіне кедергі жасамады.
9 тамызға белгіленген президент сайлауы қарсаңында 26 жыл елді басқарған Александр Лукашенкоға қарсы оппозиция наразылығы өршіп барады. Бұған дейін үкіметке қарсы митингілер мен шеру кезінде жүздеген адам (арасында белсенді, блогерлер де бар) ұсталған. Батыс елдері мен ұйымдары Минскіні азаматтардың құқықтарын бұзбауға шақырды.