Экология министрлігі Көбейтұз көлін қорғауға алады
Туристердің көл жағалауын қоқысқа толтырып ластауы және табиғи тұзды өздерімен бірге көп мөлшерде әкетуі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдерінің алаңдаушылығын туғызып отыр. ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов бүгін көлге арнайы тексеріспен барды, деп хабарлайды zakon.kz.
Соңғы уақытта қазақстандықтардың Ақмола облысындағы Көбейтұз көліне жаппай баруына байланысты көл жағалауының тұрмыстық қоқыстарға толуы, ондағы табиғи тұзды рұқсатсыз алып кетуі, келушілердің жерошақ жағуы және аймақта уақытша құрылыстардың көбеюі жиілеген. Осыған орай, Қазақстанның Экология министрлігі көлге келушілерге заңға сәйкес тиісті әкімшілік жаза бар екенін ескертеді. Көлге шомылудың белгіленген тәртібін, санитарлық норманы және экологиялық заңнаманы бұзушылар жазаға тартылады. Тәртіпті бұзушыларға айыппұл салынады.
Көбейтұз көлі бірегей әрі ерекше табиғи көл (әлемде мұндай 8 көл ғана бар). Ол жылына бірнеше рет қызғылт түске боялып отырады. Судың қызғылт реңге боялуына негізінен тұзды теңіздерді мекендейтін біржасушалы дуналиелла сортаңды су балдыры әсер етеді деп саналады. Демек, көлдің тұзды болуының арқасында бұл балдырлар пайда болған. Табиғаттың ерекше құбылысына залал келтіру мен кейбір адамдардың жауапсыз әрекеті көлдің суалуына, тіпті кейіннен жойылуына әкелуі мүмкін.
Көл теңіз деңгейінен 253 м биіктікте, Ақмола облысы Ерейментау ауданының Өлеңті ауылдық округінің аумағында орналасқан. Көлдің ауданы - 690 га, тереңдігі - 1,5 м.
ҚР Экология министрлігінің өкілдері қазақстандықтарды табиғатты аялауға шақырады! Тек біздің бірлескен іс-қимылымыз бен экологиялық сана-сезіміміз табиғаттың байлығын сақтауға көмектеседі. Экология министрлігі Көбейтұз көлін қорғау үшін қатаң әрі шұғыл шаралар қабылдауға ниетті. Қабылданған шаралар туралы кейінірек хабарланады