Тойлайтын уақыт алда – Асанәлі Әшімов бастаған зиялылар үндеу тастады
Алматының зиялы қауым өкілдері қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды zakon.kz.
Елде қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстанның зиялы қауым өкілдері ел тұрғындарына арнап үндеу жолдады. Олардың арасында қазақ жазушысы және кинодраматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері Смағұл Елубай, актер, театр және кино режиссері Асанәлі Әшімов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бар.
"Бұрын соңды болмаған осындай нәубет кезінде бірігейік. Бірлесіп жұмыс істейік, бір-бірімізді тыңдайық. Жоғарыдан беріліп жатқан мәліметтерді орындайық. Қарт буынға мен сенем, олардың тәртібіне сенемін. Мен мынау жастарға көңіл аударып отырмын. Қалай болса солай жүріп, маскасыз жүріп, тойлар жасап, жиындар жасауды доғару керек уақытша. Тойлайтын уақыт алда", - деген Асанәлі Әшімов ел осынау күрделі жағдайдан шыққанда қуанышты сәттерді атап өтетін кездер көп болатынын атап өтті.
"Барлығы адамның ақылына байланысты. Мемлекетіміздің байлығы – халық. Халық байлығы – ел байлығы. Сондықтан әрқайсымыз бір-бірімізге адал болайық, әр уақытта бір-бірімізге қорғаныш болайық. Сақтайық бір-бірімізді, ол үшін тәртіп керек. Осыны қолға алайық", - деп үндеу тастады Асанәлі Әшімов.
Өз кезегінде ақын, журналист және редактор Ұлықбек Есдәулет те қала тұрғындарынан эпидемиологиялық талаптарды сақтап, өз денсаулықтарына бей-жай қарамауға шақырды.
"Әлемді тітіренткен коронавирус індеті біздің халқымызға да қырғидай тиіп, шетінен баудай түсіріп жатыр. Күнде еститінің қаралы хабар, азалы сөздер. Халқымыздың небір атпал, абзал азаматтары, қайраткер тұлғалары, дарынды, талантты адамдары беймезгіл дүниеден өтіп жатыр. Қаралы шаңырақтар, азалы отбасылар күннен күнге көбейіп бара жатыр. Сондықтан біз сақтық шараларын қайтадан күшейтуіміз керек, біз енді бұлай қарап отыра беріп, шыбынша қырыла беруге болмайды. Медицинаны мемлекет қолына алып, бәрін тіртіпке келтіріп жатқан кезде дәрі-дәрімекті, гуманитарлық көмектерді,жедел жәрдемді, ауруханаларды жөндеп жатқан кезде біз де өзіміз сақтық шараларын сақтап, медициналық нормаларды сақтап, індетті жеңуге бір кісідей ат салысайық", - деді Ұлықбек Есдәулет.
Сонымен бірге, ол көп адамдардың жиналуымен той, салтанатты шаралар мен басқа жиындардың әлі де өткізілетінін айтып, ел азаматтарынан осындай шараларды уақытша өткізбей тұруға шақырды.
"Баяғыда шақырған жерден қалма деуші еді, қазіргі кезде шақырған жерге барма дейтұғын мәтел пайда болды. Сонда да қоймастан біздің арамызда, ауылдарымызда, қалаларымызда тығылып той жасау, тығылып сүндет той, басқа да қыз ұзату, келін түсіру, туған күн деген дүнилерді, тіпті бір түнгі клубтарға жиналып алып, болмаса, тауға барып тығылып той-томалақ өткізу әдеті әлі де тыйылмай тұр. Соның бәрін пышақ кесті тоқтату керек, әйтпесе біз осындай тәртіпсіздік әрекеттерімізбен, нормаларды сақтамау әрекеттерімізбен коронавирус сияқты дұшпанға көмектескен болып шығамыз. Сондықтан мың жерден қазақтың тойға бармаса ұят, той болмаса ұят, қонақ шақырмаса ұят, қонаққа бармаса ұят дейтін әдеттеріне қазақтың ұяты кінәлі болсын деген оймен жазып, таратып жатқандар бар. Меніңше бұл дұрыс емес. Қазақтың ұятына тиіспеу керек. Қазақтың ар-ұяты әрқашанда биікте. Мұның себебін іздейтін болсақ, ұяттан емес, ұятсыздықтан, тәртіптен емес, тәртіпсіздіктен іздеуіміз керек. Сондықтан қашан да сақтық шараларын абайлап, медициналық нормаларды қолданып, барлығына да абай болайық. Үмітпен өмір сүрейік, сеніммен күн кешейік! Аман-сау жүздесейік дегім келеді", - деді Ұлықбек Есдәулет.
Жазушы Смағұл Елубай өзіңе ғана емес, айналадағы адамдардың да денсаулығына бей-жай қарамау керек екенін атап өтті.
"Құрметті, алматылықтар! Қазір Алматы қаласындағы аты жаман індетке байланысты жағдай өте күрделі болып отыр. Сол күрделі жағдайды 17 күн ауруханада, мобильді орталық деген ауруханада жатып, өз көзіммен көріп, бастан кешкен адам ретінде пікір айтқымыз келіп отыр. Сол аурухана кереуетінде жатып, біз 17 күн бойы бір нәрсе ғана тіледік. Ол осы біздің басымыздан кешіп жатқан ахуалды адам басына бермегей деп тіледік және ең алдымен, жақындарымызға, балаларымызға, немерелерімізге осы нәрсені көрсетпегей деп тіледік. Алматы қаласында бұл індетті жұқтыру деңгейі қазір өте жоғары, сондықтан да алматылықтардың той, басқосу, жаназа, содан кейін әсіресе, жастардың басқосуы тоқтамай тұр шынын айтқанда. Оны өз көзімізбен көрдік, ондай трагедияның шет жағасын көзбен көріп отырмыз. Мінекей осындай жағдайда маска киіп жүру, адам көп жиналған жерге бармау, бара қалса ара қашықтықты сақтау, яғни, карантин тәртібін сақтау бәрімізге міндет дегіміз келеді. Оны сақтамау тек қана қасіретке алып келетінін көзбен көріп отырмыз. Аман болыңыздар, ағайын!", - деді С. Елубай.