Түрмеде де мейірімге толы өмір бар
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/18 мекемесіндегі (тергеу изоляторы) шаруашылық қызметінде 60-қа жуық сотталғандар еңбек етеді.
Тергеу изоляторындағы шаруашылық қызметі мекемедегі қалыпты жағдайды қамтамасыз етеді. Шаруашылық жұмысына, яғни электр жөндеуші, сантехник, тазалаушы, аспаз, тамақ тасушы, кітапхана қызметкері сияқты жұмыстарға бес жылға дейінгі мерзімге бірінші рет сотталған, мінез-құлқы жайлы сотталғандар іріктеледі. Атқарған жұмысына қарай еңбекақы төленеді. Бұл сотталғандарға көптеген мүмкіндіктер тудырады. Біріншіден олардың мерзімінен бұрын шартты түрде босауларына кепілдік беретін сот үкімімен белгіленген, жәбірленушіге келтірілген материалдық зиянды өтеуге, екіншіден отбасыларына көмектесулеріне болады. Темір тордың аржағындағы мұндай игі істер сотталғандардың өмірге деген құштарлығын арттырып, қоғамға жігерлі азамат болып оралуларына ықпал ететіні сөзсіз. Мысалы темір қоршаудың шегенінде жүрсе де адал еңбектің арқасында айналасына қуаныш сыйлай білген Арман мен Әлияның өмірі жүректерге жып-жылы шуақ шашады.
АРМАН:
Мен отбасындағы жалғыз баламын. Анам мені жалғыз өзі өсірді. Қайтсем мені ештеңеден тарықтырмайын деп уақытпен санаспай жұмыс істеді. Мен өскен соң әзіл-ысқақ бағдарламасының автор сценарисі болып еңбек еттім. Өкінішке орай өмірде аяғымды шалыс басып, 5 жылға сотталып, темір тордан бір-ақ шықтым. Бірақ жігерімді құм етпей, «қайтадан жарқын өмір бастаймын» деп құлшындым. Ең басты арманым – аялап өсірген жалғыз ұлының тағдырына налыған анама көмектесу болды. Сол арманымды қалай орындасам екен деп ойланып жүргенде, тергеу изоляторының шаруашылық жұмысына қалуға болатынын білдім. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін тергеу изоляторының басшылығына өтініш жазып, мені шаруашылық қызметіне қалдыруды сұрадым. Өтінішім аяқсыз қалған жоқ. 2019 жылдың маусым айынан бері осы мекемеде камерадағы тұтқындарға тамақ тасушы болып еңбек етемін. Еңбекақым – 61500 теңге. Осының арқасында мен сот шығындарын ерікті түрде толығымен өтедім. Сондай-ақ, өзім өнер саласында жұмыс істегендіктен мекемедегі әрбір мерекелік шараға белсене қатысамын.
Дүниежүзін дүрліктірген COVID-19 Қазақстанды да әбігерге салып, қаншама жеке кәсіпкерлердің жұмысы уақытша тоқтап қалды. Жұмыссыз қалғандардың арасында менің АНАМ да бар. Бірақ мен осындай қиын кезеңде жұмыссыз қалған анама көмектесе алатыныма қуанамын. Мен мекеменің қаржы бөліміне арыз жазып, 100 пайыз еңбекақымды анамның есепшотына аударудамын. Қазір менің шығындарым толығымен мемлекеттің мойнында. Күнделікті үш уақыт тамақ, медициналық жәрдем, арнайы киіммен қамтамасыз етілетіндіктен материалдық көмекті қажет етпеймін.
Көптеген адамдардың өмірін жалмаған індет кезінде алдын ала сақтық үшін сотталғандардың туған-туыстарымен жүздесуі мүмкін болмай қалды. Әрине бұл жазалы жандарға оңайға соқпайды. Алайда мекеме басшылығы бізге планшет арқылы туыстарымызға бейнеқоңырау соғуға мүмкіндік тудырды. Қуанышымда шек жоқ. Әр сөйлескен сайын туған шаңырағыма барып келгендей әсерде боламын
Иә мен, өмірде қателік жасадым, заңсыз әрекетке барып сотталдым. Бірақ маған темір торда да өзімнің жақындарыма көмектесуіме мүмкіндік берген мекеме басшылығына ризамын.
ӘЛИЯ:
Менің өмір тарихым өте қызық. Мен көпбалалы отбасында өстім, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірдім. Жұмысым шығармашылықпен байланысты болды. Теледидар мен журналистика саласында елдің назарында жүрдім. Өмірлік жарыммен, балаларыммен бақытты едім. Бірде мені өзімнің аңғырттығым орға жықты. Жақындарым мен достарыма көмектесемін деп заң шеңберінен шығып, сотталып кеттім. Маған үкім оқылған кезде күйеуімнің жүрегі тағдырдың бұл соққысына шыдас бере алмады. Жүрек талмасынан қайтыс болды. Ол кезде менің балаларым ересек, шетелде болатын. Бірақ ана үшін баласы қай кезде де бала. Сол үшін маған жігерімді отқа жанып, феникс құс сияқты қайта тірілуге тура келді.
Тергеу изоляторының әкімшілігінен менің сотталу тарихыммен шаруашылық қызметінде қалуыма болатынын біліп, үкім бойынша өтейтін шығыным бар екенін түсіндіріп, өмірде қандай қателік жасағанымды айтып, осында қалдыруларын өтіндім. 2019 жылдың қыркүйегінен бері ЛА-155/18 тергеу изоляторында 1-ші разрядты тазалықшы болып істеймін. 59232 теңге еңбекақы аламын. Барлық керек-жарақпен мемлекет қамтамасыз ететін болғандықтан жақындарыма көмектесе аламын. COVID-19 індеті кезінде менің балаларым шетелден Қазақстанға келе алмай қалды. Мен үшін де, балаларым үшін де бір-бірімізді көре алмаудан асқан қасірет жоқ. Бірақ бізді бейнеқоңырау арқылы жүздестіріп, қуанышқа бөлеген мекеме әкімшілігіне деген құрметім ерекше. Балаларымның аман-есен екенін көріп, жаным жай табады. Жуырда өмірге немерем келіп, жүрегім қуанышқа толды. Сондай-ақ, отбасыма еңбекақымның 50 пайызын жіберіп, көмектесіп жүргеніме де шексіз қуаныштымын. Қалған 50 пайызын сот талабын орындауға жіберіп, бостандыққа шығатын күнді жақындып жүрмін.