Павлодар дәріханасында Қазақстанда тіркелмеген дәрі-дәрмек сатылған
20 шілдеде Павлодар қаласы прокуратурасының үйлестіруімен ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері Павлодар қаласы полиция басқармасының ЖПҚ және ЕҚҚІҚБ, облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп, дәрілік заттарға бағаны шамадан тыс көтеруді болдырмау мақсатындағы қызметті жүзеге асыру шеңберінде Павлодар қаласы дәріханаларының бірінде Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды сату фактісін анықтады, деп хабарлайды zakon.kz.
Сол күні дәріхананың орналасқан мекен-жай бойынша жедел-тергеу іс-шарасы барысында Павлодар облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің маманын қатыстыра отырып тінту жүргізілді, нәтижесінде ҚР аумағында сатуға рұқсаты жоқ 670 бума дәрі-дәрмектің 22 түрі тәркіленіп алынды ("Ацетилсалициловая кислота медисобр", "Цефтриаксон", "Парацетомол", "Азитромицин", "Аскофен-П", "Антигрипин для детей", "Тетрациклин – Лент", "Спазмалган", "Эринит", "Никотиновая кислота", "Седальгин плюс", "Пенталгин", "Гентамицин", "Ацикловир", "Викасол", "ТемпаLcin", "Спазган", "Кеторол экспресс", "Парацетомол суспензия", "Аналгин", "Андинал" және "Мукалтин").
Кәсіпкерден тәркіленген дәрі-дәрмектер ҚР үшін дайындалмаған және ҚР дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мемлекеттік тізіліміне енгізілмеген, сонымен қатар, "Дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және әкету ережелерін" бұза отырып, яғни дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды ұлттық сараптау орталығының қауіпсіздік мен сапа туралы сертификатынсыз ел аумағына әкелінген.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Жоғарыда көрсетілгендерден басқа, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап Павлодар облысы бойынша ЭТД қала дәріханаларының көтеріңкі бағада дәрілік препараттарды сатудың 8 фактісі анықталды. Қаланың үш дәріханасының иелері мен қызметкерлері ҚР ӘҚБК 426 бабы бойынша 97 230 теңгеден 180 570 теңгеге дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жекелеген фактілер бойынша фармацевтикалық қызметпен айналысуға лицензияны тоқтата тұру түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қарастырылуда.