Сәтпаев оқиғасы билікке үлкен сигнал
Бұл сот процесіне деген халықтың сенімсіздігі деп ойлаймын. Әділ де қатаң жазасын алатынына көзі жетсе, халық дәл осындай ашуға салынбас еді. Өйткені қылмыстың өтеуі қатаң жаза екенін іштей біліп тұрады. Бірaқ бізде дәл осы азғындық үшін жаза тым жеңіл деп ойлаймын. Жиырма жылға бас бостандығынан айыру және химиялық кастрация ата-атаны, жәбір шегушіні қанағаттандырады деп ойламаймын. Оны баласы бар жандар жақсы түсінеді. Мен бұл тұрғыдан өлім жазасын қолдаймын, деп жазады желіде сарапшы Асхат Қасенғали.
Бірақ бір "бірақ" бар!
Бiрақ елімізде жемқорлық, парақорлық өршіп тұр. Соның себебінен жазықсыз жан жапа шегіп, қара бет болып, азғын аталып, дарға асылып кете ма деп қорқамын. Сондықтан алдымен осы мәселені тез арада реттемесе, онда Сәтпаев қайталана береді, қайталана береді. Сәтпаев тек қана сот саласы, адам құқығындағы олқылықтарды емес, сонымен қатар басқа да ымдарды барынша көрсетті. Халық ашулы. Өте ашулы екен. Оған сөзсіз жарты жылдықтағы пандемия, карантин мен экономиканың құлауы, табыс көзінің азаюы әсер етті. Көпшілік тауып отырған нанынан айрылды. Біразы жұмыссыз қалды. 42500 ешкімді жұбата да, ертеңгі күніне сенім де сыйлай алмайды. Сол себепті адамдардың ішінде ашу, сенімсіздік бар. Агрессия толып тұр. Қарның мен көңілің аш болса күліп жүре алмайсың, ол түсінікті. Бүгін педофилге бағытталған ыза, ертең билікке я басқа біреуге бағытталмасына кепілдік жоқ, - деп пайымдайды ол.
Не істеу керек?
Дереу құқық қорғау саласына реформа жасап, сот саласын жетілдіріп, педофилияны аса ауыр қылмысқа (терроризммен бірлестіріп жіберсе де болады) теңестіріп, барынша қатаң жаза кесу керек. Соттың әділ әрі әділетті өтуін қамтамасыз ету міндетті. Барлық соттың! Жұмыссыздардың шынайы статистикасын жасап, өтірік "өзін-өзі жұмыспен қамтушылар" деген ақталуды қойып, нақты санды анықтап, сол бойынша әлеуметтік бағдарлама қабылдау шарт. Барынша жұмыс орындарын сақтап қалуға тырысу қажет. Мемлекет бұны көріп отыр, сөзсіз біліп отыр. Президент жолдауында экономикаға мән беретінін айтты. Ең басты деген халық әлеуеті мен адам құқығына мән береді деп сенемін. Сенгім келеді, - делінеді постта.
P.S. Бір орманның өртенуіне бір шырпы жетіп жатыр. Бір оқиға, бір ғана әділетсіз шешім мемлекетті төңкеріп тастайтын ашу мен ыза туындатуы мүмкін. "Араб көктемін" бастаған Тунистегі сатушы Буазизиді еске алыңыз. Бір ғана адам күллі араб әлемін өртеп жіберді. Өзі ғана өртенген жоқ, тұтас Таяу Шығысты отқа жақты. Сондықтан халық болып, қоғам болып, билік болып осындай мәселелерді ашық талқылап, шешімін тапқан дұрыс.