Бізде барлық қажетті дәрі-дәрмектер бар – К.Надыров
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров PrimeМinister.kz-ке берген сұхбатында жағдайы ауыр пациенттер мен өлім-жітім деңгейін төмендету үшін Реаниматология және анестезиология орталығының мамандарды ауқымды жұмыс атқарып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл мобильді реанимациялық тобы тәулік бойы қаладағы барлық реанимация бөлімдерінің пациенттерінің жағдайына мониторинг жүргізіп, әрбір жағдайы ауыр пациенттің жай-күйін қадағалап отырады.
Мобильді топ екі бөліктен тұрады. Негізгі бөлігі – "қызыл" аймаққа кіретін, пациенттермен қарым-қатынас жасайтын, олардың параметрлерін зерттейтін және телемедицина арқылы барлық мәліметтерді арнайы штабқа жіберетін реаниматологтар. Бұл штабта тәжірибелі мамандар – реаниматологтар, анестезиологтар мен кафедра қызметкерлері шоғырланған.
"Осылайша, біз жағдайы ауыр пациенттерімізге тұрақты бақылауды қамтамасыз етеміз. Консилиумдардың мұндай мүмкіндігі мен қолжетімді болуы өте маңызды және біз бүгіннің өзінде алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз. Бізде өлім-жітім саны азайды. Пациенттердің айналасындағы консилиумдардың саны қажет болған жағдайда ұлғайтылуда, бөлімшеден реанимацияға немесе керісінше ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өйткені белгілі бір консилиумнан кейін біз емдеуге түзетулер енгізе бастаймыз. Жергілікті жерлердегі дәрігерлер пациенттің жағдайының ауырлығын үнемі тиісінше және толыққанды бағалай алмайды. Мұндайда біздің тәжірибелі әріптестеріміз көмекке келеді. Бұл тәжірибе өзінің тиімді екенін көрсетті", – деді К.Надыров.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жақында құрылған Пациенттерге мониторинг жүргізу орталығының жұмысы туралы айтып берді. Оның міндеті – тәуекел тобындағы пациенттерді тәулік бойы бақылау. Бұл амбулаторлық деңгейде, әсіресе, қарт адамдардың арасында аурудың асқынуын азайтуға мүмкіндік береді. Қ.Надыровтың айтуынша, бұл формат өзінің тиімділігін көрсетті және қазір орталықтың жұмыс ауқымын кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда.
"Бұл Пациенттерге мониторинг жүргізу орталығы тәуекел тобындағы пациенттермен жұмыспен ғана шектелмей, жалпы алғанда өз жұмысының ауқымын кеңейтіп, біздің пациенттеріміз үйден шықпай-ақ қашықтан форматында телемедицина арқылы қандай да бір қызметтерді алу мүмкіндігіне ие болу міндеті тұр. Бұл бағытта біз қазір үлкен бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Менің ойымша, жақын арада ол таныстырылады. Оның маңыздылығы – дәрігер үйден шықпай-ақ немесе штабта отырып, науқасқа кеңес бере отырып, науқас туралы барлық ауру тарихын көре алады. Біздің бүгінгі міндетіміз – осындай барлық жүйелерді ықпалдастыру және медициналық көмекті қашықтан форматында барынша сапалы көрсету", – деді К. Надыров.
Сонымен қатар, К. Надыров Алматыда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі қандай да бір олқылықтардың теріс әсерін азайту шаралары туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда қаланың стационарларында, амбулаторияларында және емханаларында қажетті дәрі-дәрмектердің барлық түрлері бар.
"Иә, жасырмаймыз, белгілі бір кемшіліктер болды. Олар бірқатар себептерге байланысты. COVID-19-пен күресуде стационарлық және амбулаториялық деңгейде дәрілік препараттардың негізгі жеткізушісі бірыңғай дистрибьютор "СҚ-Фармация" болып табылады. Әр түрлі себептерге байланысты түрлі уақытта оларды жеткізуде іркіліс байқалды. Бұл логистика мәселелерімен де байланысты: бірқатар препараттар шетелден әкелінеді. Қазір пандемия жағдайында логистикалық бағыттарды құру өте қиын", – деді Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі қандай да бір іркілістердің теріс әсерін азайту үшін Алматы қаласының әкімдігі дәрілік препараттардың тұрақтандыру қорын жасау туралы шешім қабылдады. Оған шамамен 10 млрд теңге бөлінді. Бұл ақша ең қажетті дәрі-дәрмектердің жарты жылдық қорын сатып алуға жұмсалады. Бұл қор пациенттер тарапынан сұранысты қанағаттандыру үшін жеке дәріханаларға да, сондай-ақ "СҚ-Фармация" тарапынан іркіліс болған жағдайда қойманы ашып, препараттарды қандай да бір стационарға жеткізу үшін стационарлық деңгейде де жұмыс істейтін болады.
"Осылайша, дәрі-дәрмектердің үздіксіз жеткізілуі қамтамасыз етіледі. Бұл қазірдің өзінде оң нәтижесін беруде. Қазір бізде барлық қажетті дәрі-дәрмектер бар", – деді К.Надыров.
Сондай-ақ ол бүгінгі таңда қалада өкпені жасанды желдету аппараттары жеткілікті екенін атап өтті. 100-ге жуық ӨЖЖ аппараты сатып алынды. Қазір ӨЖЖ аппараттарын қосымша сатып алу мәселесі пысықталуда.
Қалада жедел медициналық жәрдемнен, емханалар мен стационарлардың жұмысынан бастап медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша жүйелі жұмыс құрылған. Егер бұған дейін клиникалар провизорлық және инфекциялық стационарларға бөлінген болса, бүгінде олар пациенттердің жағдайының ауырлық дәрежесіне қарай бөлінеді.
"Біз оларды үш санатқа бөлдік. Бірінші санаттағы клиникалары – ең жақсы материалдық-техникалық базасы бар клиникалар, онда аса дамыған реанимация қызметі, қажетті мамандар жиынтығы бар. Екінші санаттағы клиникаларда мамандар да бар, бірақ реанимациялық төсек-орын саны аз. Үшінші санаттағы клиникаларға біз ауруының ауырлық дәрежесі салыстырмалы түрде жеңіл және орташа пациенттерді жатқызамыз. Мұндай ағындар бойынша бөлу бізге пациенттердің маршрутын жүйелі түрде құруға мүмкіндік берді", – деді К.Надыров.
Оның айтуынша, бүгінде қалада төсек-орын саны мен сауығып шыққан пациенттер санының артқаны байқалады.
"Егер бұрын бізде төсек-орындардың бос болмауы аурулар ең көбейген сәтте 90%-ға жеткен болса, қазір бұл көрсеткіш 50%-дан аз. Әрбір екінші төсек-орын бүгінде бос, бірақ осыған қарамастан, біз төсек-орын қорын ұлғайтуды жалғастырып жатырмыз", – деді Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы.
Сондай-ақ БМСК деңгейінде медициналық көмек көрсету тәсілдері өзгерді, тек КВИ-мен ауырған пациенттермен ғана жұмыс істейтін арнайы мобильді бригадалар құрылды.
"Бүгінгі таңда 72 мобильді бригада бар, дәрігерлер мен орташа медициналық қызметкерлер саны 400 адамға жетті. Бұрын 200 адам болған. Мобильді бригадалардың міндеті – пациенттерді БМСК деңгейінде барынша ұстау, яғни асқынулардың дамуына және келесі деңгейге – стационарлық деңгейде жеткізбеу", – деді ол.
Сонымен қатар, қалада жедел жәрдем жұмысының тәсілдері өзгерді. Бүгінгі күні жедел жәрдем пациенттерге келгенде, олардың әзірленген чек-парағы болады, сол бойынша пациенттің ағымдағы жағдайын объективті бағалауға болады. Аурудың ауырлық дәрежесіне байланысты жедел жәрдем науқасты қандай ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдайды.
Айта кету керек, COVID-19-пен күреске тартылған медициналық ұйымдардың саны артып келеді. Бүгінгі күні қалада шамамен 6 мың төсек-орын бар, онда 4 440 медициналық қызметкер жұмыс істейді.
"Біз сонымен қатар медицина кадрларын жұмылдыру мәселесін қарастырудамыз, өйткені біздің алдымызда төсек-орын санын кем дегенде 7 700-ге дейін жеткізу міндеті тұр. Бүгінде біз 1 500-ге жуық дәрігерді қабылдадық. Олармен үлкен дайындық жұмыстары жүргізілуде. Олар инфекциялық қауіпсіздік, пациенттерді емдеуді жүргізу және т. б. мәселелер бойынша оқытылып жатыр. Бұл тұрғыда бізде осындай мамандарды дайындайтын арнайы оқу-клиникалық орталық құрылды", – деді ол.
Сонымен қатар, қала басшылығы төсек-орын санын арттыру үшін барлық нұсқаларды пысықтауда. Қаладағы "Halyk Arena" мұзайдын сарайының базасында госпиталь ашылды, онда 1000 төсек-орын орналасқан. Сондай-ақ, сол жерге медициналық газдар, оттегі жеткізіп, толыққанды реанимациялық бөлім ашу жоспарда бар.
"Медициналық мекемелерден басқа, біз басқа да нысандарды зерделедік, атап айтқанда, бастапқыда психоневрологиялық ауруларды емдеу орталығы ретінде салынып жатқан әлеуметтік нысандардың біріне тоқталдық. Біз барлық инфрақұрылымды зерттеп, оны медициналық нысан ретінде қайта бейіндеу үшін өте қолайлы екенін түсіндік. Бүгінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл 500 төсек-орындық толыққанды стационар болады, оны қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Онда инфекциялық қауіпсіздіктің барлық талаптары сақталатын болады", – деп түйіндеді К. Надыров.