Интернет пен электрондық мемлекеттік қызметтер қажеттілікке айналды – Б.Мусин
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин Қазақстандағы электрондық сауданың дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Б. Мусиннің айтуынша, пандемия кезінде интернет және электрондық мемлекеттік қызметтер бірінші қажеттіліктегі қызметтерге айналды.
Электрондық сауданы дамыту қазіргі күрделі уақытта өзекті мәселе болып отыр. Биыл жоғары өсу қарқыны байқалуда. Осылайша, осы жылдың 6 айында интернет-дүкендерде сатып алу саны 19,5 млн тауарға жетті. Қазақстандық интернет-дүкендерде сатып алу саны екі есеге – 7 млн-нан 14 млн-ға дейін өсті.
Электронды саудада 4 негізгі бағыт бар: электроника, тамақ және өнімдер, киім, фармацевтика. Барлығы отандық платформаларда жұмыс істейді.
Б. Мусин атап өткендей, нарықты талдау пандемия кезеңінде азаматтардың онлайн режимінде тұтыну құрылымы өзгергенін көрсетеді. Адамдар өз басымдықтарын өзгертті. Киім мен косметиканы сатып алудың төмендеуі байқалады. Алайда бұл ретте халық онлайн түрде азық-түлік, дәрі-дәрмек және балалар тауарларын көбірек сатып ала бастады.
Қазақстанда пандемия кезінде өзекті болып табылатын көптеген тауар позицияларының өндірісі бар екенін атап өту қажет. Тиісінше, қазақстандық өндірушілерді онлайн режимге шығару жөнінде белсенді жұмыс істеу ұсынылады.
Пандемия кезеңінде белсенді дамып келе жатқан нарықтар FoodTech және PharmTech болды.
"Мысалы, қазақстандық Arbuz.kz супермаркеттінде азық-түлік сатып алу 2019 жылмен салыстырғанда сәуір-маусымда 7 есеге дейін өсті. Өңірлерде азық-түлік өнімдерінің онлайн сервистерінің пайда болуы маңызды. Бұл үшін біз Arbuz.kz, Chocofood және басқа компаниялармен жергілікті кәсіпкерлерді онлайн сатуға үйретеміз", – деді Б.Мусин.
Сондай-ақ, фармацевтика сегментін атап өту керек. Бүгінде онлайн түрде антибиотиктерді сатуда проблемалар бар. Себебі бұл онлайн-рецептураның болуын талап етеді.
"Ол үшін біз Денсаулық сақтау министрлігімен интернет дүкендерді телемедициналық және онлайн-рецептілер сервистерімен байланыстырамыз", – деді Б.Мусин.
Барлық қазақстандық компанияларға халықаралық стартаптармен бәсекелесуге тура келеді. Олардың ұзақ венчурлық қаржыландырумен қамтамасыз етілгенін атап кету қажет. Бұл үшін венчурлік капиталдың отандық нарығын дамыту маңызды. Бұл бағытта венчурлік капиталды реттейтін заң жобасы әзірленуде. Сондай-ақ "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-мен QazTech Ventures қаражатын қазақстандық стартаптарға тарту туралы уағдаластық бар.
Электрондық сауда үшін негізгі құрал – логистикалық инфрақұрылымның дамуы. "Қазпошта" АҚ-ның бизнеске арналған үш фулфилмент орталығы бар.
Нарықтық қажеттілікке сай 2025 жылға қарай елімізде 20 фулфилмент орталығын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар нарық өз инфрақұрылымын дербес дамыта бастауда. Олар қоймалар құрылысын және "соңғы миля" шешімдерін қажет етеді.
Электрондық сауданың негізгі элементтерінің бірі есікке дейін жеткізу болып табылады. Клиенттер өз тауарларын тез әрі ыңғайлы түрде алғысы келеді. Осы орайда "Қазпошта" инфрақұрылымы поштоматтар, сәлемдемелер супермаркеттері арқылы аталған мәселені шешуге жол ашады.
Бүгінгі күні 4 мыңға жуық фронт офис қызмет көрсетеді. Нарық қатысушылары жедел жеткізу мерзімін қысқарту бойынша жұмыс атқарып жатыр. Қазіргі уақытта тауарлар 1-ден 3 күн аралығында жеткізіледі.
Айта кету керек, нарық барлығына ашық. 570-тен астам компания курьерлік қызметтер нарығында жұмыс істейді.
Қазақстан транзиттік әлеуетті дамыту жолында белсенді жұмыс атқарып жатыр. Бұл бағытта Қазпошта "Қорғас" ШЫХО аумағында Бонд қоймасының жобасын жүзеге асыруда. Ресейге де, еуропалық елдерге де тауарлардың транзитін қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Қазпошта Германиядан және Ұлыбританиядан Ресейге және Орталық Азия елдеріне тауарларды тасымалдауда.
Электронды сауданың дамуы – оффлайн бизнестің онлайн сатуға өтуі.
"Біздің міндетіміз – оффлайн кәсіпкерлердің онлайн сатуға өтуіне көмектесу. Ол үшін біз бір қарағанда қарапайым, бірақ онлайн жұмысқа маңызды нәрселерді үйретуіміз керек. Бұл – тауарларды суретке түсіру, брендттеу және т. б.", – деді Б.Мусин.
Сондай-ақ кәсіпкерлердің цифрлық сервистерге қолжетімділігінің маңыздылығын атап өту қажет.
"Біз бұл арнайы сервистерді Astana Hub-қа жинаймыз. Біз ҚР ЕХӘҚМ және “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлерді онлайн-сатуға үйрету үшін арнайы бағдарлама құруға дайынбыз. Аталған жұмысқа салада жетістікке жеткен кәсіпкерлерді тартамыз", – деді бірінші вице-министр.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді онлайн түрде сатуға шығару маңызды. Осы орайда, ауыл шаруашылығы өндірушілерін ірі ритейлерлермен тікелей байланыстыратын аграрлық цифрлық платформа құру ұсынылады. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тікелей сатуға қолжеткізуге мүмкіндік береді. Қосымша платформа арқылы ыңғайлы банктік және логистикалық сервистерді алуға, ОРЦ-ларда тауарларды сақтауға мүмкіндік береді. Бұл барлық делдалдарды алып тастайды, сәйкесінше соңғы тұтынушы үшін баға төмендейді. Цифрлық платформа сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
Сөзін қорытындылай келе, Б. Мусин әлемде болып жатқан трендтерге тоқталып өтті.
"Пандемия кезінде электрондық сауда нарығы тауар айналымының драйверіне айналды. Мысалы,Amazon компаниясы пандемия кезінде 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Aliexpress-тің платформасында ресейлік тауарлардың сатылуы 3 есе өсті. Ал қазақстандық интернет-дүкен Flip.kz пандемия кезінде жұмыс орындарының санын 20%-ға өсірді. Бұл онлайн-сауда бизнеске жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, сонымен қатар оны ұлғайтуға мүмкіндік беретінін көрсетуде", – деп Б.Мусин, ҚР ЦДИАӨМ барлық салаларды онлайнға аударуға басқа министірліктермен бірлесіп пысықтауды жалғастыратынын атап өтті. Бұл ел экономикасындағы тауар айналымын қамтамасыз етуге және халық арасында әлеуметтік қашықтықты сақтауға мүмкіндік береді.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов электрондық сауда қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшуге, көлеңкелі сауда көлемінің төмендеуіне және кәсіпкерліктің жалпы өсуіне ықпал ететін Қазақстан экономикасының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
"2020 жылдың І жартыжылдығында электрондық сауда нарығының жалпы көлемі 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге өсіп, 435 млрд теңгеге жетті", – деді Ә.Смайылов.
Электрондық коммерция нарығын дамытуды ынталандыру бойынша белсенді жұмыс атқару керек.
Біріншіден, ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ету маңызды.
Екіншіден, ірі қоймалардан бөлшек сатып алушыларға дейін жеткізу логистикалық тізбегін құру қажет. Ол үшін Қазпоштаны және жекеменшік курьерлік команияларды кеңінен тарту керек.
Үшіншіден, сауда және интеграция, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, цифрлық даму министрліктері "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер платасымен бірлесіп, кәсіпкерлерді онлайн түріндегі саудаға үйрететін курстарды енгізу қажет.
Қазақстан Республикасында Электрондық коммерцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі Жол картасы әзірленді. Бүгінгі айтылған мәселелерді ескере отырып, осы Жол картасы аясында белсенді жұмыс жүргізу керек.