Азық-түлік қатты қымбаттап барады
Жұрт аурумен арпалысып жатқанда, елімізде азық-түліктің бағасы қымбаттап кетті. Қысылтаяң шақта құны шарықтаған тауарлар тізімінде жеміс-жидек, ұн, сиыр еті, шәй бар. Қазір аталған ішіп-жемнің 6 проценттен 21 процентке дейін қымбатқа сатылып жатқаны анықталды. Ас-судың құнын ұстап тұру үшін Үкіметтен 17 миллиард теңге бөлінсе де, нарықтағы баға тұрақсыз, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Қысылтаяң шақта құны шарықтаған тауарлар тізімінде жеміс-жидек, ұн, сиыр еті, шәй бар. Қазір аталған ішіп-жемнің 6 проценттен 21 процентке дейін қымбатқа сатылуда.
Халық күнделікті тұтынатын тағамдарды жеке-жеке қарайық. Сонымен, соңғы жеті айда жеміс-жидек құны 21,3%, жарма - 20%, қой еті 11,8%, ұн - 11%, көкөніс 10,8%, макарон 10,1%, сары май 9,4%, жылқы еті 8,6%, ірімшік 8,4%, сиыр еті 7,6%, шай 6,8%, нан 3,8%, сүт 4,5%, ірімшік- 3,3%-ға артқан.
Мұндай ақпаратты Статистика комитеті жариялады. 2019 жылдың шілде айынан бері қарай әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы 11,3% артқан. Бұған елдегі инфляция деңгейі себеп болыпты. Өткен жылдың осы уақытынан бастап азық-түлік бағасының қай өңірде аса шарықтаған екен.
– Азық-түлік бағасының ең жоғарғы бағасы Қызылорда облысында, Алматы қаласында, Шымкент қаласында Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облысында байқалып отыр. Яғни, осы облыстарда, атап кететін болсақ, Қызылорда облысын мен Алматы қаласында 12 пайызға дейін бағаның өсуі байқалды. Шымкентте 11,7, ал, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облысында 11,6 пайызға баға өскен, – деді ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің бас сарапшысы Әсет Рашитов.
Пандемия жарияланғалы азық-түлік бағасын мемлекет қолдан келгенше бір деңгейде ұстауға тырысып келеді. Мемлекеттің бұған қауқары жетті ме деген сауалмен біз дүкен мен көк базарларды араладық. Сатып алушылар барлық тауарға құн қосылғанын айтады.
Базарлардан бөлек, сауда желілерінде де баға деңгейі бақылануда. Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы жеке ірі бизнес өкілдерін тауардың құны қолжетімді етуі үшін 17 миллиард теңге бөлінді дейді.
–Төтенше жағдай кезінде бағаны бір қалыпты ұстап тұруға "айналым схемасы", "тұрақтандыру қорын қалыптастыру", логистика мен цифландыру көмектеседі. Айта кетейік, сауда желілеріне әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты болуы үшін "айналым схемасымен" жеңілдетілген займ берілді. Бұған жергілікті бюджеттен 17,42 миллиард теңге бөлінді, – дейді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы.
"Айналым схемасы" не екенін түсіндірсек. Әкімдік сауда желілерінің иелеріне жеңілдетілген несие береді. Әрине, кейінгі қайтарыммен. Ал, бизнес өкілі бұл мемлекеттің "жақсылығы" үшін аса маңызды деген азық-түлік бағасын ұстап тұруы тиіс. Күні кеше елдегі "Ranking.kz" сайты "қазақстандықтардың сатып алу деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға артты" деген ақпарат таратты. Дегенмен, сарапшы Марат Башимов бұл жалған статистика екенін айтады.
– Мына коронавирусты білеміз. Ақшаң жоқ болса, қалай барасың. Ол көрініп тұр. Мына супермаркеттер толып тұр ғой қасымызда. Барсаң, сол, баяғыда халық толып жүретін. Қазір 6-10 кісі ғана жүреді. Мен мүлдем келісе алмаймын мынандай рейтингпен. Бұл көзбояушылық. Өйткені бүкіл әлем шырылдап жатыр. Экономиканың барлығы тоқтап қалды. Жұмыс істей алмай, тіпті, анау Германияның өзі, басқа мемлекеттер де сондай. Ал, бізде коронавирус бірталай нәрсеге зиян келтірді, – деді сарапшы Марат Башимов.
Азық-түлік бағасына қай оралайық. Ауылшаруашылық мамандары 708 мың тоннадан астам түрлі тағам қоймада бар дейді. Сондай-ақ ведомство шенеуніктері алдағы күзде тұтынуға аса қажетті картоп, пияз, сәбіз сынды тауарлардың баға арзандайды деп болжайды.